9 мамырда Қырғызстанның Қарақол қаласында (бұрынғы Пржевальск) өткен мерекелік концерт әлеуметтік желілерде үлкен дау туғызды. Іс-шараға ресейлік «Любэ» тобы, әнші Николай Басков және «Блестящие» тобы қатысқан, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ферғана агенттігіне сілтеп.
Концерттің безендірілуі мен жалпы атмосферасы көпшіліктің наразылығын тудырды. Әлеуметтік желі қолданушылары сахнада және іс-шара аумағында «Z» таңбалары, «георгий» ленталары және әскери техниканың бейнелері кеңінен қолданылғанын жазуда. Кейбір пікір иелері мұндай символиканы Ресейдің Украинадағы соғысымен байланыстырып, концертті «саяси насихат элементтері бар шара» деп бағалаған.
Желі қолданушылары концертті ұйымдастырушылардың әрекетіне құқықтық баға беруді талап етіп жатыр. Сонымен қатар, көпшілік «Любэ» тобының жетекшісі Николай Расторгуев бұған дейінгі сұхбаттарында Қазақстан туралы даулы пікірлер айтқанын еске салуда. Атап айтқанда, әлеуметтік желілерде оның қазақтарды «русофобияға» айыптап, «егер Путин болмаса, оның мұрагері тәрбиелік шаралар қолданады» деген сөзі кеңінен талқылануда.
Пікір білдірушілер бұл мәлімдемені Ресейдің Украина, Шешенстан және Грузиядағы әрекеттерімен байланыстырып, оны көрші елдерге бағытталған астарлы қауіп ретінде қабылдап отырғандарын жазуда.
Қазіргі уақытта Қырғызстан билігі немесе концерт ұйымдастырушылары аталған сын-пікірлерге қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. Алайда оқиға Орталық Азия елдеріндегі қоғамдық көңіл-күй, мәдени іс-шаралардың саясилануы және ақпараттық ықпал мәселелері жөніндегі пікірталасты қайта күшейтті.
