Баспалар мен басқалар
Кітап жазу – бір басқа,
Кітап басу – бір басқа.
Кәдесіне жаратар,
Көші түзу бір баспа!
(Журналистік фольклордан)
Алматыдағы Абай мен Гагарин көшелерінің қиылысы о бастан қаламгерлердің ең көп шоғырланатын жері еді. Қос көшенің тоғысында тұрған Баспалар үйінде шығармашылық өкілдерінің басы қосылатын. Қазақтың мен деген мықты ақын-жазушыларының біразы осында жұмыс істейтін. Олар жай жұмыс істемейді, кітап әзірлейді. Кітап етіп бастыруға ұсынылған қолжазбаны асықпай редакциялайды. Талайға рухани азық болатын кітап шығарудан артық қастерлі кәсіп жоқ екені анық. Ендеше, қастерлі кәсіппен айналысатындардың өзі де айрықша қадірлі болмақ.
Сонымен, Баспалар үйі – қаламгерлер ең көп бас сұғатын ғимараттардың бірі-тін. Қазақстанның маңдайалды баспаларының бәрі осы үйде қоныс тепкен-ді. «Жазушы», «Жалын», «Балауса», «Қайнар», «Мектеп», «Өнер», «Білім», «Қазақстан», «Рауан»... Көп енді... Ол кезде қазіргідей «Бір адам – бір баспа» теориясы бойынша жауапкершілігі шамалы, кешіріңіздер, жауапкершілігі шектеулі серіктестік қожайыны ретінде тіркеліп, не берсең, соны басуға ұсынатын жұлымырлар мен жырындылар атымен жоқ. Жауапкершілік ешқашан шектелмейтін заман. Шектелгенің не, мойныңа алған міндетіңнің өзі алты атанға жүк болады. Жауапкершіліктен жұрдай адамдар баспаның да, басқаның да маңынан қырық қадам аулақ жүреді.
Жұрттың жадында жатталған һәм санасында сақталған бұл ғимараттың қалай тұрғызылғаны туралы мәліметтерді белгілі әдебиеттанушы ғалым Шериаздан Елеукеновтің ілгеріректе «Жұлдыз» журналында жарияланған естелігінен таптық. Орталық Комитеттің Насихат және үгіт бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып қызмет істеп жүрген Шәкең бір күні Баспа ісі жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы болып тағайындалады. Бұл Баспалар үйі мен соған жапсарлас «Кітап» фабрикасының салына бастаған тұсы еді. Бірақ мұның бәрі өздігінен және оңайлықпен жүзеге аса қоймайтын күрмеуі көп шаруа көрінеді. Құрылысқа жауапты мекемелер кітап шығару ісіне қатысты ғимаратқа мойын бұра бермейді. Жоспарлау комитетіндегілер де салғырттық танытады. Соған әбден күйінген Елеукенов екі өкпесін қолға алып, талай есікті тоздырады. Бірінші хатшы Дінмұхамед Қонаевқа да, Министрлер Кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімовке де жағдайды баяндайды. Сөйтіп, баспа ісіне байланысты ғимараттардың құрылыстарына жан бітеді. Дегенмен, комитет төрағасы Баспалар үйінің құрылысын назарынан тыс қалдырмай, үнемі қадағалап отырған деседі.
Әдепкіде Шериаздан Елеукеновке Баспалар үйінің жобадағы бейнесі мүлде ұнамайды. Ол қазақ баспагерлерінің ортақ шаңырағын дәл осындай қораш кейіпте көргісі келмейді. Егер осы үлгімен салынса, маңайындағы басқа үйлерден айтарлықтай айырмасы болматынын анық аңғарады. Бұл күдігін тегеурінді төраға былайша білдіреді: «Фасады тым сұрқай. Жұрт «хрущевка» деп атап кеткен егіз қозыдай ұқсас панель коробкалардан айнымайды. Сол жадаулыққа Баспа үйі де ұшырағалы тұр. Оның сұрғылт панелін жыл сайын ағартып тұруың керек екен. Жобадағы күйінде қалдырылса, Абай көшесінің бір кварталын дерлік сұрықсыздандырайын деп тұр».
Сол кезде Маңғыстаудың ұлутасы құрылысқа жаңа ғана қолданыла бастаған-ды. Шәкең Баспалар үйінің сыртын сол ұлутаспен қаптатып, қазақтың ой-өрнегімен әдіптелген металмен көмкергенді жөн санайды. Ойға алу бар да, іске асыру бар. Күн ілгері жобаланып, бекітіліп қойған нәрсе оңайлықпен жаңалана қоймайды. Бірақ ойға алғанын соңына жеткізгенше бір тынбайтын Шәкең шегінбейді. Құрылысшылармен мәмілеге келеді. Қосымша қаражат көзін табады. О баста өрт шыққан кезде пайдаланылатын екі су қоймасы жоспарланған көрінеді. Соның біреуінен бас тартып, үнемделген ақшаны баспалар үйін жаңаша әрлеуге жұмсайды. Сөйтіп, сол мезгілдің өлшемімен алғанда, әсемдігі көз тартатын тағы бір ғимарат бой көтереді. Бұл құрылыстың өн бойынан Елеукеновтің еркін ойының нышандары сезіліп тұрды.
Құрылысшылар аяғына жем түскен аттай кібіртіктей бастаса, ширақ Шәкең шапқаннан шауып отырып, Орталық Комитетке келеді. Өзінің қызмет істеген Цекасы. Әріптестері бұрқылдап-бұрқылдап алып, мәселесін тезірек шешіп береді. Сондай күндердің бірінде Шериаздан Елеукенов «Алматы қаласындағы Баспалар үйі құрылысының барысы туралы» деген қаулының жобасын өзі әзірлеп, Димаш Ахметұлына қол қойдырып алады. Содан соң жұмысы жандана бастайды.
Шериаздан ағаның өзі көк бейнетке толы бұл кезең былайша еске алады: «Абай мен Гагарин көшелерінің қиылысындағы Баспалар үйін салып жатқан кез. Котлованы қазылып, іргетасы қалана бастағанда «Жазушы» баспасының директоры Әбілмәжін Жұмабаевқа екі-үш қызметкерімен барып, шампанский ашып, құтты қонысымыз болсын деп ырымын жасаңдар деп тапсырып, көңілімді бірлеп жүрген уақыт. Кітап қалашығы барған сайын қаланың көрікті орындарының біріне айналып келеді. Абай көшесінде үлкен ғимарат бой көтерді. Сонда құрылысшы мамандардың жасампаз, өнершіл жұрт екеніне әбден көзім жетті. Қолдарынан шыққан дүниенің неғұрлым жарасымды көрінуіне барын салады екен».
Шәкең мұнымен де тоқтамайды. Баспаларды телефонға толтырады. Асханадағы ақаулықтарды жояды. Қазақ шрифтері бар машинкалардың қатарын көбейтеді. Баспа үйінің алдына егілген көшет бой көтермей қалса да, жас ағаштар қурап бара жатса да, елдің бәрі Елеукеновке барып шағынатын болды. Өстіп үнемі жұрт жұмысына жегілді де жүрді.
Баспа ісі комитетін он бес жыл басқарған Шериаздан Елеукенов еліміздегі баспалардың өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Бұл кезеңде Баспалар үйінде сауатты редакторлардың шоғыры түзілді. Редакторлық мектеп қалыптасты. Осы бір ғимарат қаламгерлердің нағыз шығармашылық отауына айналды.
Оның үстіне кітап атаулы жаппай оқылатын дәуір еді бұл. Елдің бүкіл кітабы осы баспаларда әзірленеді. Сол маңайдағы баспаханадан шығарылып, барлық өңірге жіберіледі. Ол кезде басылған өнімдердің тиражы бүгінде түске кіреді. Қаланың кітап дүкендері күн сайын жаңа дүниемен толығып жатады. Күллі ауылды кітаптың рухы тербеп тұрады.
Сөйтіп, баспалар да, басқалар да тек сонымен тыныстайды.
Қаламгерлер мен қолжазбалар
Қолжазбаңды өңдейді,
Қате көрсе, жөндейді.
Қарымдырақ болса егер,
Қолқалауға көнбейді!
(Журналистік фольклордан)
Бүгінде ғой, екінің бірі кітап жазады. Актер де, шахтер де, заңгер де, сәнгер де жазушы. Беделі бес атанға жүк болатын кейбір кісілер қартайғанда айып ашып, өлең өреді. Ол жазғаны өлеңге ұқсаса неғыл дейсің?! Баяғы Қожанасырдың түн ішінде тұрып, әйелін оятып, қағаз-қалам алдырып, «Қызыл тұмсық тауық жүр, Жасыл жапырақтардың арасында», – деп ұйқас құрағаны секілді бірдеңе. Бірақ өздері соны өлең деп ойлайды. Өзінің ақын екеніне имандай сенеді. Жілігі татымайтын қолжазбасын алтынмен аптап, күміспен қаптап кітап етіп шығарады. Арасына түрлі-түсті сексен сегіз сурет салады. Жазғаным кітап атаулыға мүлде ұқсамайды-ау деген ой қаперіне де кірмейді. Суреттің астындағы мәтіндер шамамен былай боп келеді: «Құдам Серікпен бірге». «Әпшем Ақшагүлдің енесі Сәнімгүл шалы Жақыпқа арнап құдайы бергенде түскеніміз». «Рыбалка мен охотада жүрген қайран күндер». Осы сықылды шала-жансар тіркестерді қазір шығып жатқан кітаптардың біразынан көріп қаласыз. Себебі талғамнан күй кеткелі қашан. Ешкім ешнәрсеге бас ауыртпайды. Не ұсынасың, апай-топайын шығарып, соны басып береді. Орысшадан тікелей аударған мәтелмен өрнектесек, «Не ексең, соны орасың». Бір ғажабы, осы тақылеттес кітап жазған адамдар да ет қызуымен Жазушылар одағына өтіп кетіп жатыр. Мұндай мұндарлардың қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді.
Ал бір кезде кез-келген қолжазба алдымен ар-ұяттың безбенінен өтетін. «Осыған лайықпын ба, жоқ па?», – деген сауалды өзіңе-өзің қоясың. Себебі, ол дәуірде қаламгердің қадірі болды. Шығармашылықтың жазылмаған заңдары бар еді. Бірдеңе түрткің келсе, алдымен айналаңа қарайсың, ақын-жазушы дегендердің атақ-даңққа бөленген кейпін көресің. Олардың ерекше жаратылыс екенін байқасың. Өлең мен әңгіменің оңайлықпен жазылмайтынын, керек десеңіз, өзінен-өзі туатын дүние екеніне көз жеткізесің. Сені солардың мысы басады. Сол мысы құрымағырдың басылмауы үшін де ұят пен әдеп қажет. Сондықтан көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлай қоймайсың. Әркім өз шамасын біледі. Өзіңнен мықты ақын төбе көрсетсе, көпке дейін есеңгіреп жүресің. Ақыры, ол сені өлең өлкесінен қуып шығады. Прозашылар да солай. Бесіктен белің шықпай жатып, бірден романның жалына жармасу дегенді атамаңыз. Әуелі әңгіме жазып көресің. Тіпті одан бұрынырақ қалам тербеуге жол ашатын, әңгіменің бер жағы мен суреттеменің ар жағында тұратын новелла деген жанрда бақ сынайсың. Сосын жазуын жазып алып, қай редакцияға апарарыңды, кімнің қолына тапсырарыңды білмей жүрексініп, сең соқтай балықтай сенделіп, бес-алты күн жүресің. Өйткені сұлу сөздің иесі, көркемдіктің киесі бар екенін сәт сайын сезесің. Сезінген соң жаман кітап жазғың келмейді.
Сонымен, бүкіл баспа осында болған соң жазушы біткен сол маңайды жағалап жүреді. Бұл жерде әрине, газет-журнал редакцияларындағы секілді алқын-жұлқын тіршілік бола бермейді. Бірақ оның есесіне қаламгерлер кітапқа айналатын қолжазбаға ертелі-кеш үңіледі де отырады. Әр сөзге шұқшияды. Шұқшиюдың да шұқшиюы бар. Ертеректе цензура қылышын жалаңдатып, әр сөздің төбесінен төніп тұрды. Бағзы бір пысықай редакторлар қолжазбадан саяси астар іздейді.
Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» деген романында бас кейіпкер Еркіннің мынадай мазмұндағы өлеңі бар еді. Болат деген баланың бетіне маса қонады. Сол Еркін қанға тойып, әбден тырсиып тұрған масаны шертіп жібереді. Өлең «Маса өлді, Болатты, Жылатып алдым», – деп аяқталады. Осыны қырағы көздер былайша талдапты: «Болат – ол совет баласы. Ал оның, совет баласының қанын сорушы кім? Кәдімгі жай маса ма? Жоқ, жай маса емес. Автордың маса деп бүркеп айтып отырғаны қанаушы тап – капиталистер. Екі беті торсықтай совет баласының қанын жауыз капиталистерге сорғыздырып қойған. Өлең Болаттың жылауымен бітеді. Осындай қандай тәрбиелік мән бар? Совет баласын жайнатып, күлдіріп көрсетудің орнына оның көзінен сорасын ағызып, ботадай боздатып қою авторға неге қажет болғанын біз, педагогтер, түсіне алмадық». Әдебиеттен мақұрым адамдардың осындай солақай сыны көбейіп кеткен соң Бердібек ағамыздың сөз өнерінен біржола жерігені де баршаға белгілі.
Немесе ақын Темірхан Медетбектің «Шекарадағы торғайлар» деген өлеңін алайық. Алғашқы шумағы мынадай:
Батыста емес, күнгейде
Жүрсе де қиыр шалғайда.
Шекараны білмейді,
Шекарадағы торғайлар.
Әрі қарай «Бергі беттегі ұяға, Арғы беттен шөп тасып. Арғы беттегі ұяға, Бергі беттен шөп тасып», – деп жалғасады. Бұл да – тырнақтың астынан кір іздеуге таптырмайтын өлең. «Жүрсе егер тірлік қамымен, Өтті деме ел іздеп. Өз елім дейді бәрін де, Кетпесе шайып теңіз кеп». «Күніге мың кеп, мың өтіп, Шекараны бұзады». Міне, мұндай ширығып тұрған шумақтар онсыз да секемшіл жандарды тыныш ұйықтатсын ба?! Тегеурінді Темкеңнің шекарадағы шарттарға пысқырып қарамайтын тәртіпсіз торғайлары талай редактордың шашын ағартқан сияқты.
Бала кезімізде жібі түзу кітаптың соңында редактордың аты-жөні жазылатын. Жалғыз, редактор ғана емес, техникалық редактор да, суретші де, корректор да көрсетіледі. Міне, осылардың бәрін де Алматыдағы Баспалар үйінен табасың. Әсіресе редактордың еңбегі ерекше. Ол сенің қолжазбаңды мұқият оқиды. Стильдік тұрғыдан жөндейді. Қатеңді көзіңе шұқып көрсетеді. Мықты жазушы болуың мүмкін. Бірақ жазған дүниеңде олпы-солпы тіркестер кездесуі кәдік. Тәуір редактор соны байқаса, сенің атты үркітетін абырой-атағыңа қарамайды. Қолжазбаңды аймаңдай қылып айғыздап, өзіңе қайтып береді. Редакторыңның қарым-қабілетін мойындасаң, оның айтқан уәжіне келісуге міндеттісің. Баспа саласының жілігін шағып, майын ішкен белгілі ақын Байбота ағамның дәл осындай табанды редактор болғанына дау жоқ. Оны әр жылдарда жариялаған қазақтың әйгілі қаламгерлерінің басуға ұсынылған қолжазбаларын тілге тиек еткен мақалаларынан байқаймыз. Ал күрішті күрмектен айыруға өресі жетпейтін босбелбеу редактор қаламгердің ыңғайына жығыла салады. Тым болмаса, сырттан пікір берушілер әділін айтпаса, қолжазба иі қанбаған күйінде өндіріске кетеді.
Баспа қызметіндегі бас қайшылық, міне, осыдан басталады. Баспалар үйі мұндай сойқан сәттердің талайына куә болды...
Авторлар мен айтқыштар
Бос кетпесін күшің де,
Бассын алға ісің де.
Бүкіл қызық, білсеңіз,
Баспалардың ішінде!
(Журналистік фольклордан)
Қазақ руханиятына өзіндік олжа салған кітаптардың көбі осы жерден шықты. Баспаның қызметкері болу үшін белгілі бір мектептен өту шарт секілді еді. Себебі азуы алты қарыс жазушымен айтысып-тартысып, қолжазбасына қол салу үшін тиісті білім-біліктің қажет екені айдан анық. Сондықтан баспа саласына негізінен бұрын газет-журналда жұмыс істеген мамандар көбірек таңдалатын. Күнделікті басылымды шығару жеделдікті талап етеді. Ал кітап әзірлейтін редакторлар өз ісіне аса байыппен қарайды. Екі шоқып, бір қарайтын жауапты жұмыс. Газеттегідей алашапқын тіршіліктен гөрі елеп-екшеуі молырақ, талдап-таразылауы көбірек шаруаға бейімделесің.
Тағы бір ерекшелікке тоқталайық. Ол кезде шыққан кітаптардан грамматикалық қате табу қиынның қиыны болатын. Жинаққа енген мәтіндердің үтір-нүктесіне дейін орнында тұрады. Ал қисық немесе қиыс түскен әріп емге жоқ. Саяси қырағылы жағынан Саяси бюродан кем түспейтін сыралғы редакторлар әдеби мәтіннен де қателік жібермейді. Қоғамдық-саяси құрылыстың талаптарына томпақтау келмейтіндігіне көзі әбден жеткен редактор енді мәтіннің деректік тұрғыдан дұрыстығын тексереді. Қазіргідей интернетке кіріп, іздеу арналарына үңіле салу немесе жасанды интеллектінің жемсауына жүгіне салу деген ол заманда атымен жоқ. Тіпті түске де кірмейді. Бірақ ұялы телефонды білмейтін дәуірдің өзінде қалаған адамыңды қалаған уақытыңда кездестіре алғаның секілді, кітапханаға барып, немесе энциклопедия ақтарып отырып, фактілерді оп-оңай анықтап шығасың.
Баспа корректорларының білім-білігі университеттің қазақ тілінен дәріс беретін оқытушыларының ой-өрісінен кем түсе қоймайды. Қай-қайсысы да ертелі-кеш орфографиялық сөздікті тақымға басып отырады. Ең мықтылары сол сөздігіңе де қайырыла қоймайды. Бәрін де басының бұрышында, миының мүйісінде сақтайды. Оның үстіне ол кездің орфографиясы мен грамматикасы бүгінгідей талас тудырмайды. «Қыркүйек пе, әлде қыргүйек пе, көкөніс пе, әлде көгөніс пе?», – деп бір-біріңмен екі сағат ерегісіп, алты сағат айтысып отырмайсың. Емлені екшеп, пунктуацияны пәтуалап беретін Рәбиға апамның жап-жас кезі, сондықтан күні ертең кітап болып кететін мәнді мәтіндегі сан түрлі сөздердің бірнеше нұсқасы болмайды. Оны дана да біледі, бала да біледі. Ал тайға таңба басқандай қазақ грамматикасының әр бөлшегі өз орнында тұрады. Рабайда бір болмаса, кітап сөзінен қате кетпейді, орфографияның да мұрты бұзылмайды.
Баспаға келіп түскен қолжазба кітап болып шыққанша талай кезеңнен өтеді. Қолға тиген қолжазбаны жинақ етіп әзірлеуге ұсыну үшін де бірқатар жұмыс атқарылуы керек. Бөлімде талқылайсың. Рецензенттердің пікірін аласың. Олар да жауырды жаба тоқып, сипай қамшылап бере салмайды. Қара аспанды төндіріп, үзілді-кесілді пікір айтуға даяр тұрады. Бір жағынан, дұрыс. Өйткені, кітап шығару – адам өміріндегі айтулы белес. Оған оңайлықпен қол жеткізілмейді. Ең бастысы, сапаға мән беріледі. Сондықтан баспагерлер кез-келген қолжазбаға күдік-күмәнмен қарайды. Баспа директорынан бастап, қатардағы редакторға дейін жақсы дүниенің қоржынға түскенін қалайды. Өйткені, шала-жансар қолжазба келсе, алдымен өздері қиналатынына көздері әлдеқашан жеткен.
Баспада қызмет істеген жандар жақсы білетін мынадай бір тәмсіл бар. Белгілі жазушы, соғыс ардагері Қалмұқан Исабаев бір күні кезекті романын жазып бітіріпті. Жаңа туынды Ертіс туралы дейді. Естуімізше, Қалекең бұл шығармасын асау Ертістің бойын жағалап жүріп, тіпті айлап қона жатып жазған көрінеді. Ардақты ағамыз қалың қолжазбасын қолтықтап, «Жазушы» баспасының директоры Әбілмәжін Жұмабаевтың атшаптырым кабинетіне кіреді. «Сабырлы да сырбаз Әбілмәжін ағамыз ауқымды қолжазбаны салмақтап көріп:
– Қалеке, мынауыңыз тым көлемді екен, суы көп емес пе? – депті.
Сонда Қалмұқан аға:
– Бәрекелді, Әбеке-ау, романның өзі су туралы болған соң сусыз болмайды ғой! – деген екен».
Қалмұқан Исабаев – оқырманға кең танымал қаламгер. Қан майданда шайқасқаны өз алдына, соғыстан соң неміс жеріндегі Ильменау қаласының коменданты болған. Жай сарбаз емес, салиқалы сардар деңгейіне дейін жеткен пәрменді полковник. Соның өзіне осындай қатаң талап қойылып отырғанына қарап, кітап сапасының жай-күйін бағамдай беріңіз. Байқасаңыз, екі жақ та есесін жібермеген. Әлеуетті Әбекең де әлді екенін көрсетіп баққан, қарымды Қалекең де тілін тартпаған.
Баспа ісінің осындай қызықтары мен шыжықтары жекелеген жинақтардың арқауына айналды. Мәселен, тоқсаныншы жылдардың басында нақ сол үйде орналасқан «Өнер» баспасы «...Деген екен!» сериясымен шағын кітапшалар шығаруды қолға алды. Бұл дүниелерге сол жинақ даярланған ғимаратта болған қызықты жәйттер де көптеп енгізілді. Яғни, баспа өмірінің мың-сан мысалдары әдемі әзілмен, қазақы қалжыңмен өрілді. Жаңағы әсерлі әңгіме де содан алынған.
Бұл кітапта айбарлы авторлар мен айтулы айтқыштардың сөз сайыстары туралы әсерлі әңгімелер жеткілікті. Бірде бір баспаға жазушы Тауфих Рымжановтың «Зәйтүнқарлығаш» атты ертегі-повесі келіп түседі. Дәлірек айтқанда, қаламгер бұрын жарияланған туындысының жалғасын оқырманға ұсынады. Қолжазбаның үш редакторы ауысады. Алты рет жасырын пікір жазылады. Кітап жуық арада басыла қоймайды. Ақыры, ақтық пікір айту Ақселеу Сейдімбековке тапсырылады. Сонда Ақаң былай деп жазыпты дейді: «Ертегінің қисынсыздығы сондай, сонау ықылым замандағы Шыңғысхан мен кешегі Наполеон соғысып, оларға Кәдірбек Сегізбаев араша түскендей әсер етеді».
Абай даңғылындағы 143-үйдің өзіндік дәстүрлері жетіп артылатын-ды. Жазушылар одағы ғимаратында жұмыс істейтіндердің «Қаламгер» атты кафесі болса, бұлардың іргесінде «Салют» деген кафе бар еді. Сол жерде қазақтың мықты жазушылары жиі жолығысып, оқтын-оқтын шалқар шабыттың аққайнарын аспандатып, сиқырлы сезімнің сұрапыл салютін атып отыратын.
Баспагерлерге қаламақы берілетін күні ғимаратқа адам толып кетеді. Кассаның алдында іркес-тіркес кезек түзіледі. Сағат тілінің жылжымай қойғанына сабырсызданған бүкіл қаламгер кассаның оймақтай ойығына басымен сүңгіп кете жаздап әзер тұрады.
Бұл күні жазушы біткен мың қой айдап кетеді. Бұл күні бәрі де кешірімді. Ол кезде сыр ашпайтын һәм сыра ішпейтін ақын атаулы кемде-кем. Суреткерлер бұл күні «Салютке» сыймайды. Соған қарамастан бұған да ертерек келіп үлгергендер құр қалмайды. Серілердің «Салюті» сол сәтте екі иінінен дем алып тұрады. «Салюттен» орын тимегендер «Салютке» салют береді де, Абай даңғылына түсіп әрі қарай жылжиды.
Ертеңіне түк көрмегендей бәрі де жұмыста отырады. Бас бөрік ішінде, қол жең ішінде...
Баспагерлер мен басылымдар
Қағаз көрсе, жаншылып,
Қара терге малшынып.
Қолжазбаны қараумен,
Қартайғандар баршылық!
(Журналистік фольклордан)
Кейінірек осы баспагерлердің отауына өзіміздің де келіп жұмыс істеген кезіміз болды. 2009 жылы «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры болып тағайындалдым. Алты басылымды біріктіретін баспасөз мекемесі осы ғимаратта орналасқан-ды. Бұл тұста баяғыдай бүкіл ғимаратты баспалар ғана иеленіп отырған жоқ еді. Біз секілді жекелеген газет-журнал редакциялары, бөлмелерді жалға алған мекемелер қоныс тепкен. Баспалар үйінің тарихынан немесе кітап басу ісінен мүлде хабары жоқ, бірақ осы шаңырақтың астында жүрген көлденең көк аттылардың не ойлайтынында шаруамыз шамалы, ал өзімізді киелі мекеннің мысы басады. «Бір кезде осы жерде қазақтың классик қаламгерлері жүрді-ау, ұлтқа ұстын болған шығармалар солардың қолынан шықты-ау» деген ойдың өзі санаңа салмақ салады. «Жарқыраған көк тасыңда көшеңнің, Ізі қалған Сәкен бәтеңкесінің», – деп Төлеген ақын жырлағандай, көптен жөндеу көрмеген ұзын дәліздер мен реңі қашқан линолеумдерге дейін сәл аялдасаң сыр ақтарғысы кеп тұрғандай сезіледі. «Біз сол баяғы дүр заманның куәсіміз ғой», – дегендей, ескі лифтінің өзі саған есігін айқара ашса да, әлденеге көңілі толмаған пенденің кейпіне кіріп, тісін шықырлатып, темір тросты кәдімгідей шайнап бара жатады.
Баспалар үйінің көп бөлігі – баспагерлердің мекені. Сондықтан оларды сәт сайын ұшырастырып қаламыз. Қолжазба өңдеумен шашы ағарған аға буын өкілдері де жетіп артылады. Бірақ ілгергі дәуірдегідей андағайлап тұрған рухы жоқ. Бұл ғимараттағы баспалар да баяғыдай қадірлі емес. Әр баспада әрі кетсе үш-төрт адам ғана шоқиып отырады. Бір заманда бір қанатты түгел алып жататын «Жазушы» мен «Жалын», «Ана тілі» мен «Қазақстан» әйгілі Бальзактың «Шегірен терісіндей» ықшамдалып, мемлекеттік тапсырысқа қарап мойнын созып қояды. Тіпті баспа ретіндегі жұмысын мүлде тоқтатып, әбден кеміп-семіп кеткендері де бар.
Мұнда келген кезімізде осынау ғибратты ғимараттағы байырғы баспалар дәстүрі ептеп сетіней бастаған еді. Бәрібір бұл үйдің қабырғасы небір естеліктерді есіңе салады, өткен күндер елесін жадыңда жаңғыртады. Соны білетін баспагерлер санатындағы аға ұрпақ өкілдері саған кездескен сайын жылыұшырай қарайды. Ал өз отына өзі жылынып жүрген кейінгі буынның баспаңда да, басқаңда да шаруасы жоқ, телефонға телмірген күйі жаныңнан үнсіз өте шығады. Сондайда шынымен де өзіңді баспалар дәуірі мен басқалар дәуірінің арасындағы алтын көпір секілді сезініп кететінің рас.
Біздің тұсымызда бұл үйдің жоғарғы қабатында «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Ана тілі», «Ұйғыр авазы», «Экономика» газеттері, «Ақиқат», «Мысль», «Үркер» журналдары қоныстанған-ды. Баспагерлердің тұрақты жұмыс режімі бар. Таңертең елмен бірге келіп, күні бойы мәтін қарап, қас қарая үйге қайтады. Ал газет-журналды баспаханаға әзірлейтін басылым қызметкерлері біразға дейін жүріп алады. Кезекшілікке қалғандары жұрттың соңынан бір-ақ шығады.
Бір жағынан, ұлт баспасының ұлағаты қонған ғимараттың рухы «Қазақ газеттерінің» сол кездегі қызметкерлерінің санасына сіңді деп ойлаймын. Қанша дегенмен де, бір жерге шоғырланған қазақ баспагерлік мектебінің орнықты өкілдерімен қоян-қолтық араласып жұмыс істеді ғой. Баспалар үйінің қазанында қайнаған қазақы қалжыңдар ол кезде әлі де айтылатын-ды. Мәселен, ілгергі заманда атақты жазушы Сәбит Мұқановқа хабарласқан әлдебір редактордың: «Сәбе, ана бір шығармаңыздың бас жағында пәленше деген кейіпкеріңіз қайтыс болған секілді еді, енді, міне, аяқ жағында қайтадан тіріліп кетіп, ылаң салып жүр», – деп қынжылатыны, сол кезде марғасқа жазушының кеңпейіл мінезіне салып, «Ойбай, неғыл дейді?! Құрт қарасын, өлтір!», – деп кеңк-кеңк күлетіні туралы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан әзіл әңгіме жиі қозғалатын. Бұл шынымен осылай делінген бе, әлде ел-жұрттың ойдан қосқаны ма, анық-қанығын кім білген, бірақ баспагерлік кәсіптің айтулы анекдоттарының деңгейіне көтерілген байырғы бақас сөз болатын.
Сәбеңдердің кітап шығарған дәуірі тым әріректе екені белгілі. Десек те, талай жыл баспаларға баспана болған мына ғимараттың да кәсібилік контенті төңірегіндегі өзіндік әзіл-қалжың галереясы қалыптасқаны рас. Бұл жай айтыла салған сөз емес, баспагерлік дәстүрінің детальдары, кітап шығару шежіресінің штрихтары деуге келер.
Тағы бір әңгімені алдарыңызға көлденең тарталық. Арқалы ақын Мұзафар Әлімбаевтың «Өмір. Өнер. Өнерпаз» деген кітабы өндіріске әзірленіп жатады. Сондай күндердің бірінде ол «Өнер» баспасынан шыққалы тұрған кітабының көлемі отыз бес баспа табақтан жиырма бес баспа табаққа дейін қысқарғанын естиді. Сол кезде мұзбалақ Мұзағаң баспаның бас редакторы Әлібек Асқаровтың атына мынадай бір шумақ өлең жолдапты:
Дімкәстіктен титықтап қаусап жүрмін,
Сонда да майда қоңыр ән сап жүрмін.
Отыз бестің орнына жиырма бес дейд,
Әділдікті, Әлеке, аңсап жүрмін!
Бұл – сөзге жүйрік, сол сөздің сөліне қоса өкпе-назын өлеңмен өре білетін, сондай-ақ орынды уәжге тоқтайтын қаламгерлердің өзара сыйластығының айқын дәлелі. Осы бір айрықша арзудан кейін баспа қызметінің жілігін шағып, майын ішкен әбжіл Әлібек ағам маңғаз Мұзағаңның кітабын жиырма бес баспа табақпен шектеп қалды деп ойламаймыз. Ағалар мен інілердің бұдан да басқа жарасымды сөз қағысуларын сипаттайтын баспа фольклоры, баспа анекдоттары, баспа бірқақпайлары жетіп артылады. Соның дені біз әңгімемізге арқау етіп отырған осынау ғимараттың қастерлі қабырғасында қалыптасты.
Қазір бүкіл баспа бір ғимаратта отырмайтын болды. Әрқайсысы әр жерге шашырап кетті. Сондықтан бүгінде Баспалар үйінің аты да, заты да баяғыдай дүркіреп тұр деу қиындау. Оның есесіне бұл ғимаратты мүлде көрмеген баспагерлердің жаңа буыны өсіп келеді. Олар көркемдеу мен кескіндеудің, әрлеу мен әсемдеудің жеті атасына дейін жақсы біледі. Технологияның тілін жөргегінде жатып игерген бе дерсің. Ал дизайн дегеніңді ана құрсағында-ақ үйреніп алған тәрізді. Тек мәтіннен басқаның бәріне жетік. «Жиенқұлға келгенде шықпайды үнім», – дегендей, қасиетіңнен айналайын қазақша мәтін әзірге мұндай баспагер балаларға басын иіп тұрған жоқ. Қысқасы, ірі баспаларда ғана сақталғаны болмаса, негізінен редакторлық мектептің іргесі сетінеп бара жатқаны жасырын емес.
* * *
Баспалар үйінде орналасқан «Жазушы» баспасын басқарған, талай жылын осы ғимаратта өткізген аса көрнекті ақын Есенғали Раушановтың мынадай бір өлең жолдары бар еді:
Таңғы ауа, таң нұрымен,
Сәуірдің жаңбырымен,
Жуынып баяғыдай,
Сендер қыдырыңдар енді
Абай даңғылымен!
Сол Абай даңғылындағы баршаға белгілі бір үйдің әлеуметтік бейнесін жасаған болдық. Дәстүр мен дағды тұрғысынан ой тербедік. Автор мен редактордың кәсіби машығына тереңірек бойлауға тырыстық. Қолжазба мен қаламгердің ара қатынасынан сыр ауладық.
Енді келешекте ілкі дәуірдегідей тілге жүйрік редакторлар мен мәтіннің мәйегін ұғатын баспагерлердің жаңа буыны қалыптасатынына сенейік. Сол кезде қазақы тіркестен қанағат алатын жастарға жүдә риза болсақ, тура Есағамша: «Сендер қыдырыңдар енді Абай даңғылымен!», – дейтін шығармыз...
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
