Жамбыл облысында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын жұқтырған ер адам көз жұмды. Қайғылы жағдай Шу ауданында тіркелген, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Мамандардың мәліметінше, науқас дер кезінде екпе алмай, ауру асқынып кеткен.
Қазір өңірде кене шаққан 300-ге жуық адам дәрігерлердің бақылауына алынған. Дәрігерлер олардың қанынан қауіпті инфекция белгілері анықталмағанын айтады. Алайда мамандар табиғи ошақтар орналасқан аймақта геморрагиялық безгектің таралу қаупі жоғары екенін ескертуде.
Облыста маусым басталғалы малшылар мен тұрғындар кененің көбейгеніне шағымданған. Табиғат аясында демалған жүздеген адамға кене жабысқан. Олардың басым бөлігінен инфекциялық ауру анықталмаған.
Мамандардың айтуынша, иксод кенесі шаққаннан кейін инкубациялық кезең 14 күнге дейін созылуы мүмкін. Аурудың алғашқы белгілері тұмау немесе жедел респираторлық вирустық инфекцияға ұқсайды. Науқастың дене қызуы көтеріліп, жалпы жағдайы күрт нашарлайды.
