Трамп Конгрестің рұқсатынсыз Ирандағы әскери операцияларды жалғастыратынын мәлімдеді

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/SCXEUpu8VVBbXtrQBpdf8f76dyhJAlbhB6vFdGTW.jpg

АҚШ президенті Конгреске жолдаған хатында Ирандағы әскери операцияларды жүргізу үшін заң шығарушылардың мақұлдауы қажет емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы NBC News-ке сілтеме жасап.

Ақ үй басшысының хаттары Өкілдер палатасы мен Сенатқа жолданған. Онда Трамп қазіргі атысты тоқтату режимі АҚШ-тың әскери әрекеттерін жалғастыруына негіз болатынын айтқан.

Президенттің мәліметінше, 2026 жылғы 7 сәуірден бері АҚШ пен Иран арасындағы атыс тоқтатылған және 28 ақпанда басталған әскери қимылдар уақытша тоқтаған. Ол осы кезеңнен бері екі елдің қарулы күштері арасында оқ атылмағанын атап өтті.

Сонымен қатар Трамп Иран тарапынан әлі де қауіп бар екенін айтып, АҚШ пен оның әскеріне төнетін қатердің сақталып отырғанын ескерткен. Ол Конгресті алдағы жағдайлар туралы хабардар етіп отыруға уәде берді.

Алайда заң шығарушылар арасында АҚШ-тың әскери әрекеттеріне ресми рұқсат беру мәселесі қайта көтерілген. 1973 жылғы Соғыс өкілеттіктері туралы резолюцияға сәйкес, әскери қақтығыс 60 күннен ұзаққа созылса, президент Конгрестің келісімін алуы тиіс. Дегенмен Трамп бұл талапты өз хатында нақты қозғамаған.

Журналистер сұрағына жауап берген президент Конгрестен рұқсат сұрауға ниеті жоқ екенін айтып, мұндай тәжірибе бұрын да болмағанын алға тартты.

Пікірлер