Алтын қоры 68%-ға өсті

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/gKCkXoIQYyMbM6ooq0l5nH5rge8d1zt7e85gn8dj.webp

Қарағанды аумағында орналасқан Жосабай учаскесінде жүргізілген геологиялық барлау нәтижелері бойынша алтын қоры айтарлықтай артты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Тау-кен Самұрық компаниясының мәліметінше, алынатын алтын қорының жалпы көлемі 8 182,2 килограмға жеткен. Бұған дейін мемлекеттік балансқа 4 862,2 килограмм ғана тіркелген болатын. Осылайша, қор көлемі 68 пайызға ұлғайды.

Мамандардың айтуынша, барлау жұмыстары аясында 7 340 метр бұрғылау жүргізіліп, кен орнының жаңартылған 3D-моделі жасалған. Сонымен қатар қорлар санаттары қайта қаралып, бір бөлігі «болжамды» санаттан «анықталған» санатқа ауыстырылған. Нәтижесінде көрсеткіштерде айтарлықтай өзгеріс тіркелді: анықталған қорлар 1 338 килограмға артса, болжамды қорлар 481,5 килограмнан 1 676,8 килограмға дейін өсті. Сондай-ақ 786,7 килограмм алтын «өлшенген» санатқа енгізілді.

Жоспарға сәйкес, 2026 жылы қосымша 8 590 метр бұрғылау жұмыстары жүргізіледі. Ал 2027 жылдың соңына қарай жаңартылған қорлар мемлекеттік балансқа ресми түрде енгізілуі тиіс.

Сарапшылар бұл нәтижелер Қазақстандағы геологиялық барлау жұмыстарын күшейту және пайдалы қазбалар қорын нақтылау бағытындағы мемлекеттік саясатпен сәйкес келетінін атап өтеді.

Пікірлер