Трамп Иранға Ормуз бұғазын ашуға 48 сағат уақыт берді

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/wP3vtkRUAG6TT3ZrbYhdGLNgtG8r1BTXd4YuGxhX.webp

АҚШ президенті Дональд Трамп егер 48 сағат ішінде Ормуз бұғазы кемелердің еркін өтуі үшін толық ашылмаса, Иранның электр станцияларына соққы жасауға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.

Report агенттігінің хабарлауынша, бұл мәлімдеме АҚШ басшысының Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланған.

«Егер Иран осы сәттен бастап 48 сағат ішінде Ормуз бұғазын толық әрі қауіпсіз ашпаса, АҚШ олардың көптеген электр станцияларына, ең ірісінен бастап, соққы беріп, жояды», — делінген хабарламада.

Иран Қарулы күштерінің орталық қолбасшылығы — «Хатам әл-Анбия» ресми өкілі 11 наурызда Тегеран Ормуз бұғазы арқылы АҚШ пен оның одақтастарына қатысты кез келген жанармай жүктерін өткізуге жол бермейтінін мәлімдеген. Ормуз бұғазы арқылы әлемдік мұнай экспортының шамамен бестен бірі тасымалданады.

15 наурызда Иран тарапы қарсыласын шегінуге мәжбүрлеу үшін барлық қолда бар құралдарды, соның ішінде бұғаздағы кеме қатынасын бақылауды қолдануға дайын екенін ескерткен.

Еске салайық, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастаған болатын. Соның салдарынан Иранның жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи және бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар қаза тапты.

Осыдан кейін Иран Израильге, сондай-ақ АҚШ пен оның одақтастарына қатысты нысандарға — Сауд Арабиясы, Қатар, БАӘ, Оман, Бахрейн, Ирак және Кипр аумақтарында соққылар жасай бастады.

Пікірлер