Қазақстандық JASA TEAM командасының мүшелері Омар Асербеков пен Григорий Щукин Альпідегі ең күрделі классикалық бағыттардың бірін бағындырған алғашқы қазақстандықтар атанды. Олар Берн Альпілеріндегі Эйгер шыңына (3 970 м) Хекмайердің классикалық бағыты арқылы көтерілді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Бұл әлемдік альпинизмдегі ең әйгілі әрі техникалық жағынан күрделі бағыттардың бірі. 1935 жылдан бері мұнда 60-тан астам адам қаза тапқан.
Шыңға көтерілу екі жарым күнге созылған. Команда маусымда алғаш болып жолға шыққандықтан, бұрынғы альпинистердің ізі болмаған, олар жол салып, жартастарды қардан тазартып отырған. Бірінші күні қабырғаның үштен екі бөлігін жүріп өтіп, «Өлім бивуагында» шатырсыз, сақтандыру нүктелеріне байланған күйде түнеп шыққан. Екінші күні ең күрделі техникалық жоғарғы бөлікті еңсеріп, шыңға жетті бірден түсуге кіріскен. Үшінші күні аман-есен төмен түскен.
Эйгер Альпідегі «алты ұлы солтүстік қабырғаның» қатарына кіреді. 2025 жылы Асербеков пен Щукин Пти-Дрю және Гранд-Жорас тауларының солтүстік қабырғаларын да бағындырған болатын. Осылайша олар бір маусымда бағдарламадағы ең күрделі үш қабырғаны еңсеріп, әрқайсысында алғашқы қазақстандықтар атанды.
Бағыт толық автономды стильде, яғни гидсіз, шерпасыз және алдын ала дайындықсыз өткен.
Эйгер атауы неміс тілінен аударғанда «адам жегіш» деген мағынаны білдіреді. Оның солтүстік қабырғасында 1935 жылдан бері кемінде 64 альпинист қаза тапқан. Осы себепті ол Mordwand — «қатерлі қабырға» деген атауға ие болған. ХХ ғасырдағы баспасөзде бұл бағыт «Өлім қабырғасы» деген атпен кеңінен танылды. Хекмайер бағыты (6А санаты) жартасты және мұзды рельефте жоғары деңгейдегі өрмелеу шеберлігін, шектеулі сақтандыру жағдайында қозғалу тәжірибесін және үлкен физикалық төзімділікті талап етеді. Маршрут бойында тік жартастар, мұз алаңдары және қатқан мұз аралас күрделі учаскелер кезектесіп келеді. Биіктік айырмасы шамамен 1800 метр. Бұл қабырға тас құлауы, қар көшкіні және ауа райының кенет өзгеруімен де қауіпті.
