Қазақстан президенті Иранның Әзербайжанға соққысын қатаң айыптады

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/sBKyhMcXUKPFi2AmHzlSTVOeUi5u4R0gwLwzaKzx.png

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Иранның ұшқышсыз ұшу аппараттары Нахчыван қаласындағы әуежайды атқылауына байланысты өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияр хабарлады.

Мемлекет басшысы бауырлас әрі одақтас Әзербайжан еліне қарсы жасалған әрекетті қатаң айыптайтынын мәлімдеді. Президенттің айтуынша, болған оқиғаның барлық мән-жайы Иран тарапымен бірлесіп жан-жақты тергелуі тиіс.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдай екі ел арасындағы қарым-қатынасқа кері әсер етпеуі қажет екенін атап өтті. Президент аймақтағы тұрақтылықты сақтау үшін туындаған мәселе дипломатиялық тәсілдер арқылы шешіледі деген сенім білдірді.

Ақорданың мәліметінше, Қазақстан аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтауды маңызды деп санайды және барлық даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешуді қолдайды.

Иран аумағынан ұшырылған ұшқышсыз ұшу аппараты 5 наурыз күні Әзербайжанның Нахичеван әуежайына құлаған болатын. Салдарынан бірнеше адам қаза тапты.

Пікірлер