Конституциялық референдум: билік теңгерімін қайта бекітудің тарихи қадамы

30
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/FYvKv64aam0TJLNQBcc2GC0oAZOGpseXVk7EieRt.jpg

Қазақстанда жаңа Конституцияға қатысты референдум жариялануы елдің саяси жүйесін ауқымды қайта құру кезеңіне өткізді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл құжат тек техникалық түзетулердің жиынтығы емес, мемлекетті дамытудың жаңа парадигмасын айқындайтын негіз екенін бірнеше рет атап өтті. Конституциялық комиссияның ұлттық құрамнан жасақталуы, экономикалық саясатты қайта жүктеу туралы мәлімдемелер, инвестициялық келісімдердің орындалуына қатысты қатаң талаптар — мұның бәрі билік жүйесіндегі жауапкершілік пен тиімділікті күшейтуге бағытталған саяси сигналдар. Саясаттанушы Жанерке Қайратқызы Президенттің реформалар жөніндегі қадамдарының түпкі мақсаты мен қазіргі халықаралық тенденциялармен үйлесімін талдап береді.

- Мемлекет басшысы жаңа Конституция бойынша референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұған дейін өз баяндамаларында ол елге жаңа Конституция не үшін қажет екенін және билік жүйесінде қандай өзгерістер бекітілуі тиіс екенін түсіндірген еді. Сіздің ойыңызша, Президенттің конституциялық реформаға қатысты түпкі мақсаты қандай және ол бұл құжат арқылы ең алдымен нені айқындап алғысы келеді?

- Иә, Мемлекет басшысы жаңа Конституция бойынша референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл шешім бір күнде қабылданған жоқ. Президенттің былтырғы Жолдауында парламенттік реформалар туралы бастама көтерілгеннен бері қоғамда кең талқылау жүрді. Уақыт өте келе бұл өзгерістерді толыққанды іске асыру үшін конституциялық деңгейде жаңарту қажет екені айқындалды. Соның нәтижесінде жаңа Конституция жобасын әзірлеу және оны бүкілхалықтық талқылауға ұсыну кезеңі басталды. Конституциялық реформаның түпкі мақсаты  елдің саяси жүйесін жаңа даму кезеңіне бейімдеу және осы өзгерістерді құқықтық тұрғыда берік бекіту.  Президент жаңа Конституцияны қабылдау қажеттілігінің астарында институционалдық, саяси, философиялық және идеологиялық тұрғыдан тоғысқан  себептер бар екенін атап өтті. Институционалдық және саяси қырынан алғанда, елдің саяси жүйесі жаңа эволюциялық даму кезеңіне өтті. Суперпрезиденттік басқару моделінен билік тармақтары арасындағы теңгерімді және тиімді жүйеге көшу  уақыт талабы екені; және бұл «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты арқылы жүзеге асуы тиіс екені айтылып келеді. Алайда мұндай модельдің толыққанды іске асуы үшін оның нормалары Конституция деңгейінде нақты әрі айқын бекітілуі қажет. Сондықтан конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы өкілеттіліктерді қайта қарап, мемлекеттік институттардың тиімділігі мен жауапкершілігін арттыруды көздейді.

Сонымен қатар, жаңа Конституция заңдық жүйені заман талабына сай жаңғыртуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. Біз соңғы жылдары «Заң мен Тәртіп» парадигмасын қалыптастырудамыз Бұл парадигма  аясында Конституция тек декларациялық құжат емес, қазіргі күрделі геосаяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайда елдің болашағын айқындайтын фундаменталды негіз.

Философиялық және идеологиялық тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция заман талабына сай мемлекеттің құндылықтық бағдарын айқындауға тиіс. Осы орайда білім, ғылым және инновацияны стратегиялық басымдық ретінде бекіту – Қазақстанның шикізаттық экономикадан технологиялық даму моделіне көшу бағытын көрсетеді. Сондай-ақ экологиялық жауапкершілік пен тұрақты даму қағидаттарын нақтылау ерекше мәнге ие. Қоршаған ортаны қорғау, жасыл экономика, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бұрынғыдай тек салалық саясат емес, ұлттық қауіпсіздік пен ұрпақаралық жауапкершіліктің ажырамас бөлігі ретінде танылуда.

 - Тоқаев Конституциялық комиссияның шетелдік сарапшылардың қатысуынсыз құрылғанын атап өткен болатын. Енді референдум тағайындалған жағдайда, саяси логика және реформалардың халықаралық қабылдануы тұрғысынан бұл акцентті қалай түсіндіруге болады?

- Тоқаевтың Конституциялық комиссия шетелдік сарапшылардың қатысуынсыз құрылғанын арнайы атап өтуінде өзіндік маңызды ішкі және сыртқы аудиторияға бағытталған саяси сигнал бар.

Біріншіден, бұл реформаның ұлттық сипатқа ие екенін және егемендік қағидатын күшейтуге бағытталғанына ерекше назар аударады. Конституция мемлекеттің негізін айқындайтын елдің ең маңызды және бас құжаты, сондықтан оның мазмұнына сыртқы күштердің ықпал етпеуі тиіс. Конституциялық реформаның логикасы елдің ішкі саяси эволюциясы мен қоғамдық сұранысы негізінде қалыптасуда деген позиция көрінеді.

Реформалар «сырттан таңылған» емес, ұлттық институттар мен сарапшылардың қатысуымен жасалды деген месседж реформалардың легитимділігі  мен қоғамдық сенімді арттыру тұрғысынан өте маңызды. Мұндай акцент Қазақстанның тәуелсіз реформалық субъект екенін еске салып, саяси жаңғыруды егемен елдің өзінің стратегиялық мүддесіне сай жүргізіп отырғанын білдіреді. 

- Мемлекет басшысы деглобализация мен жаһандық дағдарыстар жағдайында экономикалық және қаржылық саясатты қайта жүктеу қажеттігін айтқан еді. Бұл қадам саяси кезеңде бұл бастамалар өзге орта және дамушы экономикалардың қазіргі бағытымен қаншалықты үндеседі?

- Президенттің деглобализация мен әлемдік дағдарыстар жағдайында экономикалық және қаржылық саясатты қайта жүктеу қажеттігі туралы ұстанымы қазіргі халықаралық үрдістермен толық сәйкес келеді. Соңғы жылдары бұл мәселе жаһандық деңгейде кеңінен талқыланып келеді.

Жаһандану кезеңінде мемлекеттер арасындағы сауда, қаржы және өндірістік байланыстар терең өзара тәуелділікке негізделді. Алайда геосаяси қақтығыстар, санкциялық саясат және жеткізу тізбектерінің үзілуі бұл модельдің осал тұстарын айқын көрсетті. Аймақтық блоктарға бөліну, экономикалық байланыстардың әлсіреуі және қаржылық жүйелердің саясилануы жаңа шынайылыққа айналды.

Осындай жағдайда дамыған және дамушы экономикалар өз саясаттарын қайта қарап, қаржы жүйесін нығайтуға, сыртқы сауда бағыттарын әртараптандыруға, ішкі өндірісті дамытуға және стратегиялық салалардағы тәуелділікті азайтуға басымдық беруде. Қазақстан үшін де бұл  егемендік пен тұрақтылық мәселесі. Қаржы жүйесінің беріктігі, экономикалық байланыстардың теңгерімді құрылымы және тәуекелдерді басқару қабілеті ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігіне айналып отыр.

Сондықтан экономикалық және қаржылық саясатты «қайта жүктеу» – тек тактикалық қадам емес, жаһандық өзгерістерге бейімделудің стратегиялық қажеттілігі. Бұл бүгінгі таңда әлемдегі көптеген мемлекеттердің күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып отыр.

- Президент ЖІӨ өсімін халықтың нақты табысымен тікелей байланыстыру міндетін қойған болатын. Енді бұл ұстаным оның экономикалық стратегиясының басымдықтарын қалай айқындайды деп ойлайсыз?

Президенттің ЖІӨ өсімін халықтың нақты табысымен тікелей байланыстыру қажет деген талап қоюы - экономикалық саясаттың басымдығы тек макроэкономикалық көрсеткіштерде емес, азаматтардың өмір сапасында екенін үкіметке берілген нақты тапсырма десек болады. Экономика өсіп отырғанымен, оның нәтижесі халықтың тұрмыс сапасы мен табысында айқын көрініс таба бермейді. Бұл ұзақ жылдар қордаланып, шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі.

Сондықтан  Президенттің ұстанымы  экономикалық саясатта инклюзивті өсімге, яғни халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясатқа басымдық берілетінін көрсетеді. Алайда халықтың табысын арттыру жалақыны әкімшілік жолмен көтерумен шешілмейді. Мұнда ұтас экономика мен еңбек нарығының экожүйесімен, соның ішінде еңбек өнімділігімен, сапалы жұмыс орындарын құрумен және адами капиталдың сапасымен тікелей байланысты. Сондықтан өндірістің технологиялық жаңарту, кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа тетіктерін іске қосу, кәсіби білім беру жүйесін жетілдіру және жоғары қосылған құны бар салаларды дамыту сияқты көпсалалы күрделі өзгерітер қажет. Яғни, үкіметтен қысқа мерзімді тактикалық шаралармен қатар, ұзақ мерзімді стратегиялық жоспар да талап етіледі.

- Тоқаев инвестициялық келісімдердің орындалуы және мемлекеттік қызметкерлердің жеке жауапкершілігі туралы қатаң мәлімдемелер жасаған еді. Мұндай сигнал шетелдік инвесторлар үшін қаншалықты маңызды?

Президенттің инвестициялық келісімдердің орындалуы және мемлекеттік қызметкерлердің жеке жауапкершілігі туралы айтуы  шетелдік инвесторлар үшін маңызды сигнал деп ойлаймын. Соңғы жылдары Қазақстан шетелдік инвесторлармен тұрақты және тиімді әріптестік орнатты. Бұған Мемлекет басшысының жеке беделі мен халықаралық деңгейдегі белсенді дипломатиясы да оң ықпал еткені сөзсіз. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемінің 75 млрд доллардан асуы осы саясаттың нәтижесі.

Алайда келісімге қол қою процестің тек жартысы. Ары қарай  жобаларды сапалы іске асыру, инфрақұрылымдық, әкімшілік және реттеуші кедергілерді жою, инвестицияны нақты экономикалық нәтиже мен жұмыс орындарына айналдыру қажет. Егер осы тұрғыдан орталық және жергілікті атқарушы органдар өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамаса, бұл инвесторлардың сеніміне кері әсер етеді. Сенім әлсіресе, елдің инвестициялық беделі де төмендейді.

Президенттің бұл мәселені ашық көтеруі өте маңызды. Біріншіден, бұл жауапты мемлекеттік қызметкерлерге қойылған нақты талап пен сын. Екіншіден, бұл мемлекет инвестициялық жобалардың тағдырына жоғары деңгейде бақылау жасайды және келісімдердің орындалуы Президенттің тікелей назарында деген инвесторларға берілген маңызды сигнал деуге болады.

- Мемлекет басшысының Үкіметтегі сөзінде қатаң тұжырымдар көп болды:ықпал ету шаралары туралы ескертулер, ведомтволарды сынау, құзыреттерді жария бағалау.  Сіздің ойыңызша бұл қандай саяси сигналдарды білдіреді?

- Жалпы, мен Президентті зияткер әрі дипломат басшы ретінде қабылдаймын және оның сыртқы саясатпен қатар ішкі күн тәртібін де өте жақсы білетіні байқалады. Сондықтан Президенттің  Үкімет отырысындағы қатаң риторикасы үкімет мүшелеріне «мемлекет басшысының назарынан ешнәрсе тыс қалмайды» деген ескерту сияқты.

Біріншіден, атқарушы биліктен нақты нәтиже талап етіледі, бұл әрдайы айтылып келе жатқан мәселе. Яғни тапсырмалар мен реформалар қағаз жүзінде қалмауы тиіс, әр ведомство өз құзыреті аясында нақты жауапкершілік алуы керек. Қазіргі цифрландыру деңгейінде көрсеткіштерді «әсемдеп» көрсету немесе проблеманы жасыру мүмкін емес, деректер, қоғамдық бақылау, ашық ақпарат мәселені ашық көрсетеді.  Сәйкесінше, формализм мен көзбояушылық кезеңі аяқталды деуге болады. Сондықтан атқарушы биліктен мәселені жасыру емес, ашық мойындап, шешімін табу мәдениетін қалыптастыру талап етіледі.

Қорыта айтқанда, бұл риторика Президенттің басқару стилінде есеп, тәртіп, нәтижелілік қағидаттарына басымдық беретінін,  және Үкіметтен енді тек есеп емес, нақты өзгеріс күтілетінін көрсетеді.

- Президент Үкіметке үш ай ішінде арнайы экономикалық аймақтарды дамытудың жаңа моделін бекітуді тапсырған болатын. Референдумнан кейін бұл бастаманың ел экономикасына және инвестициялық әлеуетіне ықпалы қандай болуы мүмкін?

- Қазіргі таңда АЭА, соның ішінде «Алатау Smart City» сияқты жобаларға , елдің инновациялық және технологиялық дамуы тұрғысынан үлкен үміт артылып отыр. Мұндай аймақтар жаңа технологияларды енгізу, цифрлық шешімдерді сынақтан өткізу және жоғары қосылған құнды өндірістерді қалыптастыру алаңы болуы тиіс. Бастапқы идеясы бойынша, бұл жерде жүзеге асқан табысты тәжірибелер  кейін республика көлемінде масштабталуы қажет.

Алайда бүгінгі күні арнайы экономикалық аймақтардың ЖІӨ-дегі үлесі мен жалпы экономикалық қайтарымы сенімді ақтаған жоқ. Бұл осы аймақтарды басқарудағы бұрынғы модельдің тиімділігінің шектеулі екенін көрсетеді. Демек, мәселе жеңілдіктер ұсынумен шешімлмейді, басқару сапасында, инфрақұрылымда, жобаларды іріктеу мен сүйемелдеуде, сондай-ақ нақты өндірістік кооперация қалыптастыруда жаңа басқару моделі қажет. Мемлекет тиімсіз механизмдерді мойындап, оларды қайта қарап, нәтижелі форматқа көшіруге керек деген талап қойылып отыр.

Бұл талап та Президент мемлекет қаржыландырған және мемлекет бақылауындағы әрбір жобадан нақты нәтиже күтетінін растайды.

 

Пікірлер