2 оқушы жарақат алған. Қатарластарын балтамен қуалаған оқушыға қылмыстық іс қозғалды

179
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/uKl1mdcGlme6sKQbSm4dD92oz8JgxlqEbATZSIzQ.png

5 ақпан күні Атырау облысы Құлсары қаласындағы мектептердің бірінде 10 сынып оқушысы қатарластарымен болған жанжалдан кейін оларды балтамен қуалаған. Салдарынан екі оқушы жеңіл дене жарақатын алды. Бұл туралы Атырау облыстық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".

"Хабарлама түскен бойда оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жетіп, жасөспірім анықталып, ұсталды. Оқиғаға қатысушылар мен олардың ата-аналары полиция бөліміне жеткізілді. Аталған дерек бойынша бұзақылық фактісімен қылмыстық іс қозғалды. 15 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, Ішкі істер органдарының есебіне алынды", - деп мәлімдеді ПД баспасөз қызметі.

Жинақталған материалдар шешім қабылдау үшін кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданған. Сондай-ақ жасөспірімнің ата-анасына қатысты кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғалды.

"Қылмыстық іс аясында қылмысқа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы білім беру бөліміне ұсыныс енгізілді. Тергеу қорытындысы бойынша білім беру ұйымының лауазымды тұлғаларының, сондай-ақ оқу орнын күзетуді жүзеге асырған күзет агенттігі қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады", - делінген ПД ресми мәлімдемесінде.

 

Пікірлер