Райымбек Баталов президенттің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды

137
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/QnMUUofzBCzcipBlLvEBXGyEUyLj15tPKMOWEYgW.jpg

Белгілі кәсіпкер Райымбек Баталов Қазақстан Президентінің кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Райымбек Баталов бұған дейін "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының президиум төрағасы қызметін атқарған. Ол бұл ұйымды 2022 жылғы ақпаннан 2026 жылғы қаңтарға дейін басқарған.

Жаңа қызметінде Баталов отандық кәсіпкерлікті қолдау, бизнес-климатты жақсарту және жеке сектордың дамуына қатысты мәселелер бойынша Президентке кеңес береді.

Райымбек Баталов – Қазақстандағы ең ықпалды кәсіпкерлердің бірі. Ол Raimbek Group холдингінің иесі және директорлар кеңесінің төрағасы. Холдинг құрамына Raimbek Agro, Raimbek Bottlers Group және Pure Pack компаниялары кіреді. Баталов FMCG және инвестиция саласында табысты жұмыс істеп келеді.

Сонымен қатар, оның еңбек жолы өндіріс пен басқарудың түрлі салаларын қамтиды: "Риддер Инвест" металлургиялық кешені, "Новоджамбул фосфор зауыты", Тобыл элеваторы, Меркі қант зауыты және Шымкент ЖЭО-3 кәсіпорнын басқарған. 1992 жылдан бастап "Раимбек" сауда фирмасын құрып, Raimbek Group холдингін дамытқан.

Райымбек Баталов кәсіпкерлік пен қоғамдық институттарды дамытуға бағытталған бірнеше маңызды құрылымдарда қызмет атқарған. 

Ол 2002 жылы Қазақстан кәсіпкерлері форумының кеңесін басқарған, 2005 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Іскерлік кеңесіне жетекшілік етті, 2007 жылы Парламент мәжілісі жанындағы қоғамдық палата мүшесі, 2009 жылы Қазақстан суасты спорты федерациясының президенті, 2010 жылы премьер-министр төрағалық ететін Бірыңғай үйлестіру кеңесі мен президент жанындағы кәсіпкерлік жөніндегі кеңестің мүшесі болса, 2012 жылы Еуразиялық экономикалық комиссияның Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі консультативтік комитетінің сарапшысы, 2015 жылдан – Enactus Kazakhstan директорлар кеңесінің төрағасы, Қазақстан велоспорт федерациясының бірінші вице-президенті қызметін атқарған.

Ал 2017 жылдан Азия велоспорт конфедерациясының вице-президенті, 2022 жылы президент жанындағы реформалар жөніндегі жоғары кеңестің мүшесі, "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры директорлар кеңесінің мүшесі және президент жанындағы ұлттық құрылтай мүшесі болды.

Райымбек Баталов жаңа қызметінде отандық бизнес пен жеке сектордың дамуына бағытталған стратегиялық шешімдер қабылдауға ықпал ететін болады.

Пікірлер