Теңге нығайды. Ұлттық қордан доллар сату көлемі жарияланды

111
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/bSTCGkvpvUmV8TEeNhTnAbtuk3JddfskMyz2nhe0.jpg

Қаңтар айында Қазақстанның Ұлттық қорынан $350 млн көлемінде шетел валютасы сатылды, ал ақпанда бұл көрсеткіш $350–450 млн аралығында болуы мүмкін. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкі жариялады, деп хабарлайды "Адырна".

Ұлттық банктің мәліметінше, қаңтар айының қорытындысында теңге бағамы 0,9%-ға нығайып, бір АҚШ доллары 501,24 теңге деңгейінде қалыптасты. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа тәуліктік көлемі $359 млн-нан $306 млн-ға дейін төмендеп, айлық жалпы айналым $5,8 млрд болды. Ұлттық қордан сатылған валютаның үлесі жалпы сауда көлемінің 6%-ын немесе тәулігіне $18,5 млн-нан аспайтын мөлшерді құрады.

Күтілетін фискалдық түсімдерді ескере отырып, Үкіметтің алдын ала өтінімдері бойынша ақпан айында республикалық бюджетке трансферт бөлу үшін Ұлттық қордан $350–450 млн көлемінде валюта сату көзделіп отыр.

Сонымен қатар қаңтар айында айналау операциясы аясында 350 млрд теңге алынды. Ақпан айында да осы көлемде валюта сату жоспарланған. Ұлттық банк Ұлттық қор қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықтық бейтараптық қағидатын сақтайтынын атап өтті.

Реттеуші қаңтар айында валюталық интервенциялар жүргізілмегенін мәлімдеді. Ал квазимемлекеттік сектор тарапынан валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті сату көлемі шамамен $206 млн болды. БЖЗҚ активтерінің валюталық үлесі 40%-дан асуына байланысты қаңтарда да, ақпанда да зейнетақы активтері есебінен доллар сатып алу жоспарланбаған.

Ұлттық банк теңге бағамының қысқамерзімді динамикасы нарықтағы күтулерге, салық төлемдеріне, жаһандық нарықтағы жағдай мен геосаяси ахуалға тәуелді болатынын атап өтті. Сонымен қатар алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді айырбас бағамы саясаты жалғасатынын мәлімдеді.

Пікірлер