Фото: MARTIN DIVISEK/EPA/Shutterstock
Жексенбі, 1 ақпан күні Чехия астанасы Прагада он мыңдаған адам президент Петр Павелді қолдау үшін митингке шықты. Акция президент пен премьер-министр Андрей Бабиш басқаратын үкімет арасындағы саяси келіспеушіліктің ушығуына байланысты өтті, деп хабарлайды "Адырна" порталы ВВС сайтына сілтеп.
Митингке қатысушылардың саны ұйымдастырушылардың бағалауынша 80–90 мың адамға жеткен. Наразылық білдірушілер Праганың Ескі қала алаңын және Вацлав алаңының бір бөлігін толтырды. Шара барысында Чехия, Еуроодақ және Украина тулары көтеріліп, демократияны қолдайтын және үкіметке қарсы ұрандар жазылған плакаттар ұсталды.
Митингтен кейін Петр Павел X әлеуметтік желісінде: «Елдің түкпір-түкпірінен Прагаға келіп, өз пікірін білдіріп, лайықты Чехияны қолдаған әрбір жанға алғыс айтамын» деп жазды.
2025 жылғы қазан айындағы парламенттік сайлаудан кейін Чехия үкіметін еуроскептик, Украинаға қару-жарақ жеткізуге қарсы саясаткер Андрей Бабиш басқарды. Оның ANO партиясымен коалицияға SPD («Бостандық және тікелей демократия») және «Автомобилистер» партиясы кірді. «Автомобилистер» сыртқы істер министрі мен қоршаған орта министрі портфельдерін алды.
Сыртқы істер министрі қызметін партия жетекшісі Петр Мацинка атқарып отыр, ол президент бекітпеген Филип Турекке байланысты уақытша Қоршаған орта министрінің міндетін де қоса атқаруда. Қалған министрлер 2025 жылғы 15 желтоқсанда қызметіне кіріскен.
Филип Турек саясатқа пандемиядан кейін келіп, 2024 жылы Еуропарламент депутаты болып сайланған. Бұған дейін интернетте оның нацистік символикамен түскен фотолары тараған, ал кейбір мәлімдемелері Адольф Гитлерді ақтағандай көрінген. Турек бұл айыптауларды жоққа шығарды. Полиция 2013 жылғы фотоға қатысты істі мерзімнің өтуіне байланысты жапты. Сондай-ақ оған тұрмыстық зорлық-зомбылық пен зорлау туралы шағымдар бойынша тексеру жүріп жатқаны айтылды. Турек бұл айыптарды да мойындамайды.
Осы жайттарды ескере отырып, президент Павел Туректі министр ретінде бекітуден бас тартты. Президенттің баспасөз хатшысы: «Министр лауазымын иеленетін тұлғалар конституциялық құндылықтарға адалдықтың жоғары талаптарына сай болуы тиіс… Филип Туректің мәлімдемелері мен әрекеттері қоғамның бір бөлігінде ХХ ғасырдағы ең сұм тоталитарлық режим - нацистік Германияның қылмысын кемсітеді деген ой тудырады» деп түсіндірді.
Қақтығыс 27 қаңтарда ушыға түсті. Павел шұғыл баспасөз мәслихатында СІМ басшысы әрі «Автомобилистер» партиясының төрағасы Петр Мацинканың президент кеңесшісі арқылы жолдаған хабарламаларын жариялап, оларды шантаж деп бағалады. Хабарламаларда Турек бекітілмесе, «көпірлерді өртеймін» деген сөздер болған. Павел бұл жазбаларды заңгерлерге бағалауға жібергенін айтты. Мацинка хабарламалардың түпнұсқалығын мойындағанымен, оларды «саяси келіссөздердің бір түрі» деп түсіндірді. Ал премьер Бабиш мұны шантаж деп санауға болмайтынын мәлімдеді.
Туректі тағайындау дауы - президент пен үкімет арасындағы жалғыз келіспеушілік емес. Тағы бір мәселе - Украинаға қару жеткізу, соның ішінде L-159 ұшақтары. 16 қаңтарда Киевке сапары кезінде Павел Украинаға бірнеше ұшақты сатып алуды ұсынса, Бабиш үкімет бұған келіспейтінін айтты.
Осы жанжал аясында оппозиция бастамасымен 3 ақпанда Чехия парламентінде үкіметке сенімсіздік вотумы бойынша дауыс беру өтеді.