«Арыстан патшаның» режиссері өмірден озды

500
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/XJXw0DUpbQSumW7qiw3gEa5YAxwehp1hH8BeH5Ea.jpg

Танымал режиссер әрі сценарист Роджер Аллерс ұзаққа созылған дерттен кейін 77 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Қайғылы хабарды оның әріптестері жеткізді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Аллерс кино тарихында «Арыстан патша» (1994) мультфильмінің режиссерлерінің бірі ретінде қалды. Ол бұл туындыны Роб Минкоффпен бірге түсірген еді. Фильм әлемдік прокатта 968 миллион доллардан астам табыс жинап, ондаған жыл бойы ең табысты анимациялық фильм мәртебесін сақтап келді.

Сценарист әрі сценарий бөлімінің жетекшісі ретінде Аллерс Disney компаниясының 1990-жылдардағы басты табыс әкелген жобаларын жасауға атсалысты. Олардың қатарында «Кішкентай су перісі», «Аладдин» және «Сұлу мен Құбыжық» бар. Соңғысы анимация тарихында алғаш рет «Үздік фильм» номинациясы бойынша «Оскарға» ұсынылған туынды болды.

Кино саласынан бөлек, Аллерс «Арыстан патша» бродвейлік мюзикліне либретто жазды. Бұл қойылым театр тарихындағы ең табысты жобалардың біріне айналып, 1,8 миллиард доллардан астам табыс тапты. Осы еңбегі үшін режиссер «Тони» сыйлығына үміткер атанды.

The Walt Disney Company компаниясының басшысы Боб Айгер көңіл айтып, Аллерстің шығармашылық көзқарасы компания тарихында тұтас бір дәуірді айқындағанын атап өтті.

Режиссердің соңғы жобасы — «Пайғамбар» (2014) фильмі болды, осы туындыдан кейін ол шығармашылықтан алыстады.

Пікірлер