Жол сапасыз, жүргізуші жауапсыз ба? Жолаушы сапары жалғасуы керек

98
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/8srsDV5dUtebJMGFk3LBHQb7w6113p8actG1CbR0.jpg

Жол апаттарының артуы тек жүргізушілердің қателігінен емес, жылдам өсіп жатқан көлік ағымына сай келмейтін инфрақұрылым мен әлсіз бақылау жүйесінің салдарынан да болып отыр.

Төрт жылдың ішінде Қазақстан жолдарында он мыңға жуық адам қаза тауып, жараланғандар саны да жыл сайын артып келеді. 2025 жылы жол-көлік оқиғалары 2023 жылмен салыстырғанда екі есе көбейіп, 22 501-ге жетті.

ЗАҢ МЕН ТӘРТІП НЕГЕ ІСКЕ АСПАЙ ЖАТЫР?

«Жылдамдығымды асырған жоқпын. Соған қарамастан жүк көлігімен соқтығысуға сәл қалдым… Бір секунд. Бір ғана қателік бәрін өзгертуі мүмкін еді», - дейді жиырма жылдық тәжірибесі бар такси жүргізушісі Әсем Бәкішева.

Оның айтуынша, қала сыртындағы жолдарда жылдамдықты сақтау – ең басты талап. Қаланың ішінде апаттың алдын алуға мүмкіндік болса, трассада әр қате шешім қауіпті салдарға әкелуі мүмкін.

Жүргізушілердің қауіпсіздік талаптарын елемейтіндері, ресми деректерден көрініс табады. Жол ережесін бұзудың 70%-дан астамы арнайы камералар арқылы тіркеледі, ал патрульдік көліктерге орнатылған радар саны 456-ға жеткен. Дегенмен, Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл сайын елімізде 13 миллионнан астам жол ережесін бұзу фактісі тіркелген. Апатқа себеп болатын негізгі заң бұзушылық факторлар қатарында:

60% – жылдамдықты асыру

28% – қарсы жолаққа шығу

Қалған бөлігі – басқа ережені бұзу түрлері 

Бес жылдан бері қалааралық тасымалдау қызметімен айналысып жүрген тағы бір жүргізуші жағдайды бізге былай сипаттап берді:

«Көп жүргізушілер трассада жылдамдықты тек камера немесе патруль көрінгенде ғана төмендетеді. Бақылау жоқ жерде 120–140 км/сағ дейін асырып, қажет кезде 60 км/сағ-қа дейін бәсеңдетеді», - дейді ол.

Жолдағы қауіпсіздік тек жылдамдықты асыруға байланысты емес, ережені сақтамаудың салдары бірқатар ауыр апаттарға әкеліп отыр. Сол апаттардың ішінде қоғамда ең көп талқыланатыны – Toyota Alphard көлігімен байланысты оқиғалар.

Ресми түрде 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде оң рөлді көліктерді такси ретінде пайдалануға тыйым салынды. Алайда халық арасында “ажал көлігі” аталып кеткен Alphard маркасы үкімет пен қоғам назарынан тыс қалған емес. Себебі соңғы жылдары дәл осы көлікпен байланысты апаттар саны күрт өсуде.

Атап өтсек:

24 шілде – Астана–Қарағанды–Алматы трассасында Alphard экскаваторға соғылып, 4 адам қаза тапты, 2 адам жараланды.

25 шілде – KAZ-06 трассасында дәл осындай көлік жылдамдықты шамадан тыс асырып, жөндеу жүріп жатқан бөлікке кіріп кетіп, 6 адам көз жұмды, 2 адам жараланды

Айта берсек мұндай мысалдар көп.Осы оқиғалардан кейін Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Alphard көліктеріне толық тыйым салуды ұсынды

«Біз таксистердің де бала-шағасы бар екендігін, олар отбасын асырау үшін жанұшырып жүргендігін түсінеміз. Бірақ басқа азаматтардың өміріне қауіп төндіріп ақша табу - күнә», - дейді ол.

Заң жүзінде шектеулер енгізілгенімен, көптеген жүргізушілер оң рөлді Alphard көлігімен тасымал жасауды жалғастырып отыр. 5 жылдық тәжірибесі бар жүргізушінің айтуынша:

«Шындығына келсек, заңға жүргізушілер құлақ аспайды. Олар ресми такси сервисіне тіркелмей, тапсырысты өз бетінше қабылдайды. Әсіресе Alphard көлігімен жолға шығатындар көп. Амал қанша? Отбасын асырау керек, ақша табу керек», - дейді ол.

Онлайн платформаларда қалааралық тасымалдауды ұсынатын оң рөлді Alphard көліктері жиі кездеседі. 

 

Бұл көрініс бақылаудың ақсап тұрғанын анық көрсетеді. Заң жүргізушілерге шектеу енгізсе де, көпшілік әлі де ереже бұзудан қорықпайды.  «Менің басыма бұндай оқиға түспейді» деген жалған сенім - жолдағы орны қайтпас қайғыға әкелетін әрекеттің бастамасы.

ЖҮРГІЗУШІЛЕРДІҢ ЖАҒДАЙЫН КІМ ТЕКСЕРЕДІ?

“Трассаға шаршаңқы күйде шыққан болатынмын. Бір сәтке көзім жұмылып кетіп, шамамен 10 минут бойы көлікті ұйқылы-ояу айдап келе жатқанымды түсіндім. Сол кезде ғана ұйқым шайдай ашылды. Қуанышқа орай, ешқандай апатқа ұшырамадым”, – дейді такси жүргізушісі Әсем Бакишева.

Жүргізушілер ұйқы мен демалысқа салғырт қарап, бұл фактордың қауіпсіздікке тікелей әсер ететінін елемейді. Мәселен Қостанай маңындағы трассада болған қайғылы оқиғаға да осындай жағдай себеп болды. Жүк көлігінің жүргізушісі рөлде ұйықтап кетіп, минивэнге соқтығысқан. Оқиға орнында үш адам қаза тауып, жүргізуші кейін 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

ҚР Көлік министрлігі мен ІІМ жол қауіпсіздігін күшейту үшін түрлі шаралар енгізіп жатыр. Көліктерді бақылауға арналған дрондарды қосты, “жасырын патрульдеу” әдісіне көшті, тахограф қолдануды міндеттеді. Бірақ әзірге нәтижесі көңіл көншітпей тұр.

“Бақылау бар, бірақ трассаға шығар алдында жағдайымызды немесе шаршау деңгейімізді ешкім тексермейді. Тексеріс бар, бірақ жиі емес”, – дейді такси жүргізушісі.

САПАСЫЗ ЖОЛДЫҢ САЛМАҒЫ АУЫР

Инфрақұрылымның жетілмегені – жан түршіктірерлік апаттарға алып келетін негізгі факторлардың бірі. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, республика магистральдарының небәрі 12%-ы ғана қауіпсіздік талаптарына сай келеді. Соңғы жылдары автопарктің 4,1 млн-нан 5,5 млн көлікке дейін артуы және транзиттік ағымның жылына 3 миллионға жетуі жол жүктемесіне одан әрі салмақ түсіруде.

Аяқталмай қалған жол бөліктері, өшіп-тозған жол белгілері, қоршаулардың жоқтығы, мен жарықтандырудың жетіспеуі жүргізушілердің қозғалысты дәл бағалауына кедергі келтіреді. ҚР ІІМ-нің дерегінше, республикалық маңыздағы жолдарға әлі де 3 мың шақырым қоршау, 500 шам, 38 мыңнан астам жол белгісін орнату керек.

Инфрақұрылым мәселесінің айқын көрінісі – Омбы-Майқапшағай трассасы. Трассаның осы жылы ресми түрде ашылғанына қарамастан, жүргізушілер бұл бағытта әлі де ойық-шұңқырлар мен жарықтандыру мәселесі бойынша жиі шағымданады. Ал қарлы боран кезінде қозғалыс жасау мүмкіндігі одан сайын тежеле түседі.

Соңғы айларда дәл осы трассада адам шығынына алып келген бірнеше қайғылы оқиға тіркелді: 4 қазанда – төрт адам, 2 қарашада – үш адам және 25 қарашада тағы үш адам қаза тапты. Бір бағытта бірнеше апаттың дәл осылай қатарынан болуы - кездейсоқтық емес, жолда жүйелі қауіп бар екенін анық көрсететін дабыл.

Тәуелсіз автокөлік одағының (ТАО) төрағасы Эдуард Эдоковтың айтуынша, трассаларда қажетті инфрақұрылым, әсіресе бөлгіш тосқауылдардың орнатылуы жүргізушілердің қарсы жолаққа шығуын физикалық тұрғыдан шектейді:

“Трассаларда барьерлердің болуы ауыр және адам өлімімен аяқталатын апаттардың санын едәуір азайтар еді. Сондықтан осындай қоршауларды ең қауіпті учаскелерден бастап орнату қажет”, - дейді ол.

Қарсы жолаққа шығу бүгінде ең ауыр апатқа алып келетін маневрдің бірі болып тұр.

11 қазан күні, Павлодар облысында ауа райының қолайсыздығы мен тар жолдың әсерінен ВАЗ-2110 жүргізушісі көлікті басқара алмай, қарсы бағытқа шығып кетуі салдарынан екі адам көз жұмды.    

Ақмола облыстық адвокаттар алқасының өкілі Нұрлан Жаңабаевтың айтуынша, жол апаттарына жиі алып келетін негізгі фактордың бірі - қайта басып озу кезінде қарсы жолаққа шығу екен.

Заңгер жол-көлік оқиғасы, жарықтандыру немесе қоршаулардың болмауы секілді техникалық жағдайдан туындаса сот үкімі бұл жайтты ескеретінін айтты:

«Егер тергеу барысында жол апаты инфрақұрылымдық кемшіліктер салдарынан болғаны дәлелденсе, жауапкершілік тек жүргізушіге емес, жолды күтіп-ұстауға міндетті ұйымдар мен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін лауазымды тұлғаларға да  жүктеледі» , - дейді ол.

Мысалға келтірілген деректер, жүргізушілердің жауапсыз әрекеттері мен жолдың нашар сапасы ұштасқанда, апаттардың салдары әлдеқайда ауыр болатынын көрсетеді.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕДЕН НЕ ТҮЮГЕ БОЛАДЫ?

Қазақстанда жол апаты оқиғалары Норвегия көрсеткіштерімен салыстырғанда алты есе жиі болады. Осындай айырмашылықтың басты себептеріне тоқтала кетсек: 

                                                           

Бірінші және басты бағыт - инфрақұрылым. Норвегияның магистральдық жолдарына толықтай қоршаулар орнатылған. Яғни бұл әрекет қарама-қарсы бағыттағы соқтығыстарды айтарлықтай азайтады. Сонымен қатар, күтпеген бұрылыстар мен тар жолдардың орнына тоннель мен көпірлер салынған. Мұндай талаптар Еуропалық тоннель ассоциациясының стандарттарына да сәйкес келеді.

Жолдардың көпшілігі жарықтандырылған және, қажетті бақылау шараларымен жетілдірілген. Камералар арқылы орташа жылдамдық бақыланып отырады.

Тағы бір маңызды шара, коммерциялық көліктер міндетті түрде электрондық тахографтармен жабдықталған. Ал трасса бойына әр 15–25 шақырым сайын демалыс орындары орнатылған.

Статистика көрсеткендей, апаттардың басты себептері жылдамдықты асыру мен қарсы жолаққа шығу болғанымен, олардың түпкі факторлары сапасыз инфрақұрылым мен жеткіліксіз бақылау. Омбы–Майқапшағай трассасындағы қайғылы оқиғалар, Alphard көліктерімен жиі болатын апаттар, сондай-ақ жүргізушілердің шаршауы мен демалыстың жетіспеушілігі - осы мәселенің нақты дәлелі.

Тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы Эдуард Эдоковтың сөзінше, жол апатынан болатын өлім санын азайтудың ешқандай “сиқырлы” әдісі жоқ. Мұны тек үш бағытты бірге дамыту арқылы ғана жүзеге асыруға болады:

“Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер – жол қауіпсіздігінің негізгі қатысушылары. Жүргізушілер жылдамдықты қатаң бақылап, ережені сақтауы керек. Ал жаяу жүргіншілер белгіленген өткелдерді ғана пайдаланып, қозғалысқа мұқият болса, апат саны айтарлықтай азаяр еді.
Жол полициясы - қауіпсіздікті қамтамасыз ететін негізгі күш. Қауіпті аймақтарды патрульдеу, қозғалысты қадағалау және жолдағы заң бұзушылықтардың алдын алу  адам өмірін сақтаудың ең тиімді жолы.
Жол инфрақұрылымы – жарықтандыру, қоршауар мен жол белгілерінің жеткілікті болуы қайғылы оқиғаларды алдына алуға көмектеседі”-, дейді ол. 

Хадиша Елеусін

Пікірлер