Мемлекет басшысы азаматтардың конституциялық реформаға қатысты көптеген ұсыныстарын мұқият зерттеуде

272
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/X3i8x8TK5xVP8RIjPjNilEzCF3rH1jF4CaWkTopA.jpg

Астанада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин президентке Жұмыс тобының атқарған қызметі туралы баяндап, Парламентті трансформациялауға қатысты ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің көлемі ауқымды екеніне назар аударды.

Мемлекеттік кеңесші Жұмыс тобы мүшелерінің ортақ пікірін жеткізіп, бұл өзгерістер саяси жүйені уақыт талабына сай жаңғыртуға ықпал ететінін айтты.

Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев азаматтардан келіп түскен ұсыныстар негізінде Конституциялық реформа жөніндегі жұмыс тобы мүшелері әзірлеген басты тәсілдер туралы баяндады.

Атап айтқанда, былтырғы қазан айынан бері өтіп келе жатқан отырыстарда жаңа Парламентке қатысты мәселелердің бәрі қаралды. Оның ішінде депутаттар саны, өкілеттік мерзімдері, сайлау тәртібі, бір палаталы Парламенттің заң шығару тетіктері, сондай-ақ оның биліктің өзге институттарымен өзара іс-қимыл мәселелері қамтылды.

Парламент Мәжілісіндегі «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев және «Ақ жол» партиясының көшбасшысы Азат Перуашев, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» фракциясының басшысы Асхат Рахымжанов парламенттік реформа аясында жүзеге асырылатын конституциялық өзгерістердің ауқымды екенін мәлімдеді. Олар өңірлерде Парламент депутаттарының жұмыс кездесулері барысында азаматтардың алдағы саяси реформаға айрықша қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.

Сондай-ақ жиында Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров, Парламент Мәжілісінің депутаттары Үнзила Шапақ, Марат Бәшімов, Никита Шаталов, саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов пікірлерін білдірді.

Пікірлер