Эстония АҚШ президенті Дональд Трамптың баж салығын енгіземін деген қоқан-лоққыларына қарамастан, Гренландияда өтетін әскери оқу-жаттығуларға қатысады. Бұл туралы елдің қорғаныс министрі Ханно Певкур айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Сенбі күні Ақ үй басшысы Дональд Трамп ақпан айынан бастап Дания, Норвегия, Швеция, Франция, Германия, Ұлыбритания, Нидерланд және Финляндияға 10 пайыздық кедендік баж салығы енгізілетінін мәлімдеді. Кейін бұл мөлшер 25 пайызға дейін өсіп, АҚШ Гренландияны сатып алу туралы келісімге келгенге дейін күшінде болатынын айтты.
«Бұл мәселедегі ұстанымымыз өзгерген жоқ. Біз бұл оқу-жаттығуларға қатысуға дайынбыз. Менің ойымша, НАТО оқу-жаттығуларына қатысуды экономикамен байланыстыру онша дұрыс емес», – деді Певкур Эстонияның ERR телерадиокомпаниясына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, әзірге Эстония Гренландияға ешкімді жібермеген, себебі техникалық мәселелер әлі келісілмеген.
Айта кетейік, Гренландия Дания корольдігінің құрамына кіреді. Алайда Дональд Трамп бұл арал АҚШ-тың бір бөлігі болуы керек деп бірнеше рет мәлімдеген.