Депутат Roblox-тағы балалар қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірді

242
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/75BGbD0JEuTRvBijGa2SIS3lKgdkf5d6Gcg17oYO.jpg

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке балалардың онлайн ойын платформаларын пайдалануын шектеу туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол бүгінде интернет пен онлайн ойын платформалары балалардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын мәлімдеді.

«Солардың бірі – Roblox онлайн-платформасы. Қазіргі таңда «Roblox» сөзін білмейтін бала жоқ. Бұл пайдаланушыларға өз ойындарын құруға, виртуалды әлемдерде қарым-қатынас жасауға және басқа ойыншылармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретін халықаралық платформа. 2025 жылғы ашық дереккөздерге сәйкес, Roblox платформасына кіретін күнделікті белсенді қолданушылар саны 150 миллионға жуық. Пайдаланушылардың басым бөлігін кәмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдер құрайды. 

Ата-аналар, педагогтер және халықаралық сарапшылар тарапынан Roblox ойынының балалар психикасына кері әсер етуі мүмкін екендігі туралы алаңдаушылық жиі көтерілуде. Атап айтқанда, виртуалды тәуелділік, агрессивті мінез-құлық, шынайы өмірден алшақтау, сондай-ақ жас ерекшелігіне сай келмейтін контентпен бетпе-бет келу фактілері кездеседі. «Ойыннан от шығар» демекші, балалардың психологиялық дамуына мұндай факторлардың әсері ұзақ мерзімді теріс салдарға әкелуі ықтимал»,-деді депутат.

Айтуынша, Түркия, Катар, Ресей, Қытай, Иран, Солтүстік Корея және басқа да мемлекеттерде аталған платформа бұғатталған.

Үнзила Шапақ алаяқтар мен педофилдердің ойындар арқылы балаларға әсер ету әрекеттерін де атап өтті.

«Roblox сияқты ашық онлайн-платформаларда кәмелетке толмаған балаларға қатысты қылмыстық ниеті бар тұлғалардың, соның ішінде педофилдер мен алаяқтардың белсенді әрекет ететіні туралы деректер бар. Олардың тактикалары қарапайым, алайда хирургиялық дәлдікпен жасалатындай. Алдымен ойындағы виртуалды чат арқылы баланың сеніміне кіріп, кейіннен Roblox-тан Телеграмға көшіп, құпия кездесуге шақырады және аяғы қайғылы оқиғамен аяқталуы мүмкін. Ал алаяқтар дәл осылай баланың сеніміне кіріп, оған сыйлық беруге уәде беріп, ата-анасының картасының номерін және СМС-кодты сұрайды. Бала сеніп айтқандарын орындайды, нәтижесінде картадан ақша шешіліп алынады. Әрине, компания «балаларға ең қауіпсіз орта жасаймыз» деп жар салудан жалығар емес. Бірақ секундына 50 мыңнан астам хабар ағылып жатқан ортаны толық бақылау мүмкін емес. 2025 жылдың 18 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетовтің берген жауабында: «Біз Roblox-ты блоктау немесе шектеу мәселесін қарастырмаймыз» деп айтқан болатын. Бұл ретте «Баланың құқықтары туралы» ҚР Заңына сәйкес, мемлекеттiк органдар, жеке және заңды тұлғалар баланы оның денсаулығына, имандылық жағынан және рухани дамуына зиян келтiретiн әлеуметтiк ортаның, ақпараттың, насихат пен үгiттiң терiс ықпалынан қорғауға мiндетті»,-деді ол.

Депутат Қазақстанда платформаның қызметін шектеу немесе бақылау механизмдерін енгізу мәселесін қарастыруды, сондай-ақ балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын нақтылауды сұрады. Сондай-ақ ІІМ мен Бас прокуратурадан онлайн ойындар арқылы тіркелген құқық бұзушылықтар туралы ақпарат беруді талап етті.

Пікірлер