Еуропалық одақ АҚШ-тың Гренландия туралы айтқан мәлімдемелері алаңдатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Кая Каллас АҚШ тарапынан Гренландияны басып алу қаупі туындаған жағдайда ЕО елдері ықтимал жауап шараларын талқылағанын мәлімдеді.
Калластың айтуынша, АҚШ-тың Гренландияға қатысты айтқан мәлімдемелері Еуропалық одақ елдерін қатты алаңдатып отыр.
«Гренландияға қатысты естіп жатқан мәлімдемелеріміз елеулі алаңдаушылық тудырады. Біз еуропалықтар арасында да бұл мәселені талқыладық: егер бұл шынайы қауіп болса, оған қалай жауап береміз? Дания АҚШ-тың сенімді одақтасы болып келді, алайда мұндай мәлімдемелер әлемдегі тұрақтылыққа еш ықпал етпейді. Халықаралық құқық айқын, және ол – шағын мемлекеттер үшін жалғыз қорған», – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-тың президенті Дональд Трамп The Atlantic басылымына берген сұхбатында Венесуэладағы әскери операция туралы айта отырып, АҚШ-қа Гренландияны бақылау «қажет» екенін мәлімдеген болатын.
Бұл мәлімдемелер Дания мен Германияда қатаң сынға ұшырады. Аталған елдер мұндай сөздерді АҚШ секілді одақтас мемлекеттің айтуы жол берілмейтінін атап өтті. Данияның премьер-министрі Метте Фредериксен Трампты Гренландияға қатысты қоқан-лоқы жасады деп айыптады.
Ал Гренландия премьер-министрі Йенс-Фредерик Нильсен Трамптың талаптарына жауап беріп, гренландиялықтардың диалогқа ашық екенін айтты.