Қазақстан 2025 жылы экономика мен әлеуметтік салада ауқымды нәтижелерге қол жеткізді. Ел аумағында жүздеген жаңа өндіріс орындары іске қосылып, тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Сонымен қатар жаңа мектептер мен ауруханалар пайдалануға берілді. Бұл туралы Президенттің көмекшісі Руслан Желдібай мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл бойы жұмыс сапарларымен еліміздің 9 өңіріне барып, 50-ден астам өндірістік, ғылыми және әлеуметтік-мәдени нысандардың қызметімен танысты.
Алдын ала болжам бойынша, 2025 жылдың қорытындысында Қазақстан экономикасының өсімі 6 пайыздан асады. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Сондай-ақ ел тарихында алғаш рет жалпы ішкі өнім көлемі 300 млрд АҚШ долларынан асып, жан басына шаққандағы ЖІӨ 15 мың АҚШ долларына жетеді деп күтілуде.
Жыл ішінде Президент халықаралық деңгейде де белсенді жұмыс жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев 23 мемлекетке ресми сапар жасап, Ресей мен Өзбекстанда екі реттен болды. Сондай-ақ Қытай, Түркия, Жапония, Иордания, Қырғызстан, АҚШ, Түрікменстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Әзербайжан және Тәжікстан елдеріне барды.