АҚШ Конгресі 2026 жылға арналған қорғаныс бюджеті туралы заң жобасын мақұлдады. Құжатта әскери шығындар 901 млрд доллар көлемінде белгіленген. Бұл — рекордтық көрсеткіш, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі DW-ге сілтеме жасап.
Сенаттағы дауыс беру кезінде ұлттық қорғаныс туралы заңды 77 сенатор қолдап, 20-сы қарсы дауыс берді. Өкілдер палатасы бұл құжатты өткен аптада-ақ мақұлдаған. Енді заң күшіне енуі үшін АҚШ президенті қол қоюы тиіс. Ақ үй Дональд Трамптың заңға қол қоюды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Былтыр АҚШ-тың әскери бюджеті 884 млрд долларды құраған.
Құжатта әскери қызметкерлердің жалақысын 3,8%-ға өсіру, әскери техниканы сатып алу шаралары қарастырылған.
Сонымен қатар заң жобасында Еуропадағы қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған бірқатар тармақ бар. Бұл Трамптың ай басында ұсынған АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік стратегиясымен қарама-қайшы. Жалпы алғанда 901 млрд доллар көлеміндегі қорғаныс бюджеті президент сұраған сомадан асып түседі. Ақ үй басшысы 2026 жылға 892,6 млрд доллар бөлуді өтінген еді. Ал Сенат бастапқыда шығындарды 925 млрд долларға дейін ұлғайтуды ұсынса, Өкілдер палатасы Трамп ұсынған сомаға жақын нұсқаны қолдаған.
Құжатта Украинаны қолдауға да ерекше назар аударылған. Заң Украина қауіпсіздігін қолдау бастамасы аясында 800 млн доллар бөлуді көздейді. Бұл қаржы Украина Қарулы күштеріне арналған қару-жарақты америкалық компаниялар арқылы сатып алуға жұмсалады.
Бұдан бөлек, Балтық елдерінің — Эстония, Латвия және Литваның қорғанысын нығайтуға 175 млн доллар бөлінбек. Сондай-ақ заң АҚШ қорғаныс министрлігінің Еуропадағы америкалық әскер санын 76 мың адамнан төмендеуіне шектеу қояды. Еуропадағы америкалық қолбасшыға НАТО-ның жоғарғы бас қолбасшысы қызметінен бас тартуға тыйым салынады.
Заң жобасында Трамп ұсынған АҚШ қорғаныс министрлігін «Соғыс министрлігі» деп қайта атау туралы ұсыныс аталмайды. АҚШ әкімшілігі бұл атауды бейресми түрде қолданып жүргенімен және қорғаныс министрі Пит Хегсет өзін «соғыс мәселелері жөніндегі мемлекеттік хатшы» деп атағанымен, ресми түрде мұндай өзгеріс Конгресс тарапынан бекітілуі тиіс.