Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға басымдық бере отырып, жаңа инвестициялық циклді іске қосу жөнінде тапсырма бергені белгілі. Қазіргі таңда Алматы қаласындағы Индустриялық аймақ пен «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында (АЭА) өндіріс орналастыруға инвесторлар тарапынан сұраныс қолжетімді ұсыныстан асып отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен есептік баспасөз конференциясында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Қала әкімінің айтуынша, инвесторлар сұранысын қанағаттандыру мақсатында Алматы қаласының Индустриялық аймағының аумағын 634 гектарға кеңейту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының қызметі қайта қаралып, оның аумағын ұлғайту және жеңілдіктердің қолданылу мерзімін 2050 жылға дейін ұзарту көзделген.
2026–2028 жылдар аралығында Алматы қаласында жалпы құны 2,3 трлн теңгені құрайтын 165 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл жобалар әлеуметтік-экономикалық дамуға тың серпін беріп, жаңа өндірістердің іске қосылуына мүмкіндік ашады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2030 жылға қарай өңдеуші өнеркәсіп өнімдерінің экспорты 40 пайызға артып, 7 млрд АҚШ долларына дейін жетеді деп күтілуде.
Қаланың заманауи көлік қаңқасын қалыптастыру да негізгі басым бағыттардың бірі болып отыр. Алматы қаласы әкімдігі радиалды жолдарды тесу және ірі көлік айрықтарын салу жұмыстарын Алматы облысы аумағында қала бюджеті есебінен жүзеге асыру туралы шешім қабылдаған. Дархан Сатыбалдының айтуынша, бұл шаралар Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен (БАКАД) көлік интеграциясын жеделдетіп, агломерация ішіндегі байланысты күшейтеді.
«Алдағы екі жылда көшелерді тесу, екі көлік айрығын және екі көпірді қайта жаңғырту бойынша 14 ірі жоба жүзеге асырылады. Бұл жол желісінің өткізу қабілетін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Ақжар, Рахат-Мәдениет, Боралдай және Теректі шағынаудандарында жалпы ұзындығы 100 шақырымнан асатын жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары аяқталады. Бұған қоса, Алматының тау бөктері аймағында 31 шақырым жол салу жоспарланған», — деді қала әкімі.
Қаладағы жолдардың жақсы күйде болу деңгейін 95 пайыз деңгейінде сақтау мақсатында жыл сайын кемінде 250 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізу көзделген.
Әкімнің мәліметінше, 2026 жылы «Қалқаман» метро станциясы пайдалануға беріледі. Алдағы үш жыл ішінде бірінші желінің үшінші кезеңі — Қалқаманнан «Барлық» базарына дейінгі бөлігі іске қосылады. Сонымен қатар, метроның екінші және үшінші желілері жобаланып, жедел автобус бағыты — BRT жүйесін дамыту жұмыстары жалғасады. Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда, 2030 жылға қарай қоғамдық көлікті күнделікті пайдаланушылар саны 1,6 млн-нан 3 млн сапарға дейін өседі.
Дархан Сатыбалды қоғамдық көлікті дамыту мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, қалада үш жаңа автобус паркі салынып жатыр, сондай-ақ қолданыстағы парктерде газ және электрмен қуаттау станциялары орнатылады. Автобус жүргізушілерінің қауіпсіздігі мен демалысы үшін 20 аялдамалық-айналмалы алаң салынады. Сонымен қатар, қала мен қала маңын байланыстыратын үш көлік-ауыстыру торабы құрылады. Электросамокаттар мен велосипедтерге арналған инфрақұрылымды дамыту мақсатында қосымша 55 шақырым веложол және мыңнан астам тұрақ орны салу жоспарланған.
Қала аумағындағы кеңістіктік теңсіздікті жою үшін қалалық полицентрлерді қалыптастыру жұмыстары басталды. Әрбір полицентр тұрғындар үшін дербес тартылыс нүктесіне айналып, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.
«Жобаның негізінде қалалық белсенділіктің жаңа орталықтарын қалыптастыру идеясы жатыр. Полицентрлерді дамыту тұжырымдамасын әзірлеуге халықаралық сарапшылар тартылды. Алғашқы кезеңде “Шығыс қақпасы” және “Батыс” полицентрлерін дамыту басым бағыт болады. Бұл аумақтарда тақырыптық ойын-сауық паркі, Алматы су каналы, Almaty AI Park, EXPO Center, жаңа стадион және өзге де маңызды нысандар орналастырылады. Бұл жобалар тарихи орталыққа түсетін жүктемені азайтып, қаланың барлық аудандарында өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді», — деді Дархан Сатыбалды.
Сонымен қатар, қаланың жоғарғы бөлігінде көпқабатты тұрғын үй құрылысына қойылған мораторийді ескере отырып, Алматы қаласының Бас жоспарын түзету жұмыстары жүргізіліп жатыр.