Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы төмен екенін айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Депутат бұл мәселені қыркүйек айында да көтергенін еске салды. Алайда сол кезде Үкіметтен келген жауап көңіл көншітпеген. Жауап хатта әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы соңғы жылдары екі есеге артқаны, 2021 жылы 40 пайызға өскені көрсетілген.
«Жауаптың бір бұрышында жалақылары 3 жылда 2 есе өсті дейді, енді бір бетінде 2021 жылы 40 пайызға айлықтары артты деп жазылған, тағы бір тұсында соңғы 4 жылда жалақылары 2 есе өсті делінген. Қағазда қатып тұр. Бірақ сол жалақыны балалары тастап кеткен қарияларға қарайтын әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарындағы мамандар мен ерекше балаларды емдеумен, оларды аяққа тұрғызумен шұғылданатын мекемелердің қызметкерлері көрді ме екен? Оларға айтылғандай айлық берді ме екен? Себебі бұл – еліміздегі 500-ден астам әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы 10 мыңнан аса әлеуметтік қызметкердің жанайқайы».-деді ол.
Айтуынша, Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитеті Астанадағы «Шарапат» және «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына арнайы барып, нақты ахуалды көрген.
«Ерекше балалармен жұмыс істейтін, оларды емдейтін, жаттықтыратын, күн сайын жүздеген баланы арнайы мекемеде, кейбірін үйіне барып оқытатын әлеуметтік қызметкерлердің орташа жалақысы 180 мың теңге екен. Салдарынан соңғы 1 жарым жылда 1 орталықтағы 110 қызметкер жұмыстан кеткен, қазір 50 штат бос тұр. Жарытпайтын жалақыға ешкімнің келгісі жоқ. Ал қамкөңіл қариялардың жағдайын жасайтын әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы 110 мың теңге. Салдарынан ол жаққа ешкім жұмысқа бармайды. Бұл тек Астанадағы емес, еліміздегі барлық әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына тән жағдай екенін еске саламын»,- деп түсіндірді депутат.
Мәселені шешу үшін Үкіметтің 1193 бұйрығына өзгеріс енгізу қажет екенін айтқан депутат қазіргі жауаптарда нақты қадам жоқ екенін сынға алды. Осыған байланысты ол әлеуметтік қызметкерлердің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бірқатар ұсыныс жолдады.
« 1. Үкіметтің 1193 бұйрығын өзгертіп Күтім жөніндегі әлеуметтік қызметкерлердің, әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультанттардың, орта медицина қызметкерлерінің (ЕДШ нұсқаушысы, массажист) (жалпы әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің) жалақысын көтеру керек.
2. Әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын көтеру үшін әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарын шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын етіп қайта құру мәселесін қарастыру керек.
3. Әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына қосымша ақылы түрде қызмет көрсетуге мүмкіндік беру қажет. Мысалы Астанадағы «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында60 қария ақылы түрде тұрады, бала-шағасы айына 106 000 теңгеден төлейді. Бірақ бұл ақшаны орталық қызметкерлердің жалақысына жұмсай алмайды. Сондықтан қарияларды ақылы күтуден түскен қаражатты қызметкерлердің жалақысын жұмсауға мүмкіндік беру керек.
4. «Күтім жөніндегі әлеуметтік қызметкер» деген лауазымдық атауды «Әлеуметтік қызметкер» атауына ауыстыру қажет. Бұл мамандардың талабы»,- деді Сәрсенғалиев.