Үй шаруасымен айналысатын әйелдерге арнайы төлем беріледі

335
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/o1bMgb3wqMBGkm00YqqnlxQmsknWtxBaBqEWwnuV.jpg

Үндістанның 12 штатында 118 миллион әйел енді үй шаруасын жүргізгені үшін тұрақты төлем алады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.

Қаражат үй шаруасын жүргізу және күтім жасау міндеттерін орындағаны үшін төленеді. Төлем мөлшері айына шамамен 12–30 АҚШ долларын құрайды. Бұл орташа бір үй шаруашылығы табысының небәрі 5–12 пайызы болса да, қаражат тұрақты түрде беріліп, әйелдерге оны отбасының қажеттіліктеріне — балалардың біліміне, азық-түлікке, тамақ дайындауға арналған газға, медициналық шығындарға, ұсақ қарыздарды өтеуге, кейде жеке қажеттіліктеріне немесе алтын әшекейлер сатып алуға жұмсауға мүмкіндік береді.

Бағдарламаға қатысу талаптары әр штатта әртүрлі. Іріктеу кезінде жас мөлшері мен табыс деңгейі ескеріледі, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлері бар, салық төлейтін, автокөлігі немесе ірі жер телімі бар отбасылар бұл бағдарламадан тыс қалады.

Лондон корольдік колледжінің құқық және әлеуметтік әділет профессоры Прабха Котисваран бұл бағдарламаны «Үндістан штаттары деңгейінде әйелдерге арналған әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің елеулі ұлғаюы» деп бағалады. Оның айтуынша, төлемдер әйелдерге үй шаруашылығының да, өздерінің де ең өзекті қажеттіліктерін өтеуге мүмкіндік беріп, қаржылық тәуелсіздік сезімін қайтарады.

Саяси ортада бұл бастаманы сынға алғандар да бар. Кейбіреулер оны алдағы сайлаулар қарсаңында дауыс сатып алудың бір тәсілі ретінде бағалайды. Сонымен қатар төлемдерге кететін шығындар штат бюджеттеріне елеулі салмақ түсірмек. Биыл бұл бағдарламаға шамамен 18 млрд доллар жұмсау жоспарланған.

Бұған дейін Үндістан астық, жанармай және ауыл шаруашылығы өнімдеріне субсидия беріп келген еді.

Пікірлер