Қырғызстанның конституциялық соты өлім жазасын қайтару мәселесін қараудан бас тартты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі 24.kg-ге сілтеме жасап.
«Конституция адам құқықтары мен бостандықтарын ең жоғарғы құндылық ретінде бекітеді. Оларды қамтамасыз етуге арналған кепілдіктер жүйесі конституциялық құрылымның негізін құрап, негізгі заңға енгізілетін өзгерістердің шегін айқындайды. Осыған байланысты Конституциялық сот негізгі заңға қатысты кез келген өзгеріс олардың жүйелілігі мен бүкіл конституциялық модельдің жұмыс істеуіне әсерін ескере отырып қарастырылуы қажет екенін атап өтті.
Құқықтар мен бостандықтарға қатысты кері кетуді (non-regress) болдырмауға ерекше көңіл бөлінуі тиіс, өйткені олардың тұрақтылығы мен сабақтастығы адам мен оның қадір-қасиетінің конституциялық тұрғыда бекітілген басымдығының мазмұнын құрайды»,- делінген хабарламада.
Осы тұрғыда конституциялық бақылау органы өлім жазасына тыйым салу және өмір сүру құқығының басымдығын мойындау тек құқықтық нормалар ғана емес, сонымен бірге аса маңызды құндылықтық өлшем екенін атап өтті.
Бұған қоса, Қырғызстанның халықаралық міндеттемелері бар екені көрсетілген. Вена конвенциясына сәйкес, мемлекет халықаралық шарттарды орындамау үшін ішкі заңнамасына жүгіне алмайды, ал шартты тоқтату немесе уақытша тоқтата тұру тек қатаң белгіленген жағдайларда ғана мүмкін.
Конституциялық және халықаралық-құқықтық дәлелдердің жиынтығын ескере отырып, Конституциялық сот өлім жазасын конституциялық түзету арқылы қайтару негізгі заңға қайшы, жол берілмейтін және құқықтық тұрғыда мүмкін емес деген шешім шығарды.
Айта кетейік, 1 қазанда ел президенті Садыр Жапаров Қырғызстан 2007 жылы бас тартқан өлім жазасын қайтаруға қатысты заңнамалық өзгерістерді дайындауды тапсырған болатын. Бұл шешім 17 жастағы қыздың резонансты өліміне байланысты қабылданған. Парламент мақұлдаған жағдайда өлім жазасын қайтару туралы заң жобасын референдумға шығару жоспарланған еді.