«Естілердің қатарына» тартатын «Абай мектебі». Не ескерілмеді?

155
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/K7QRwdAWqLBHaSG3KWzYMIh0hXjkNtF5KUoPl30D.jpg

Шығыстанушы ғалым Ислам Жеменейдің «Абай мектебі және Шығыс тарихы мен әдебиетіндегі сана-сезім жетекшілері» монографиясы – абайтанудағы шығыс мектебін айшықтауға арналған кезекті қадам. Онда шығыс ақындары мен ғұламаларының Абай шығармашылығына қаншалықты әсер еткені, ой қазығы ретінде орны мен маңызы сөз болады. 

Ислам Жеменейдің «Абай мектебі және Шығыс тарихы мен әдебиетіндегі сана-сезім жетекшілері» кітабында алдымен назар аудартатыны – кітаптың атауы. Қалыптасқан дағды бойынша «Абай мектебі» дегенде Абайдың шәкірттері, жалпы Абай қалыптастырған мектеп, үлгі, нұсқа, бағыт-бағдар айтылатын. 

Бірақ бұл кітапта Абай мектебі деген мәселе осы кітапта басқаша қарастырылған. Сайып келгенде Абай шығармаларының, ақын ойларының қайнар, бастауы тұрғысындағы мәселелер сөз болады. Нақты айтқанда, ақын ойларына түрткі болған, идея берген, сезіміне қозғау салған ой қайнары, пікір бастауы жайында айтылады. Кітапта Абай нәр алған Шығыс мектебінің сабақтары, оның Абайға әсері талқыланған. Және осы бағытта бұрыннан қалыптасқан кейбір тұжырым, пайымдарға автор өзінің келіспейтінін де айтып өтеді. 

Абай ілімінің, Абай білімінің қайнары болған Шығыс мектебі, нақты айтқанда, араб-парсы, шағатай әдебиетін салыстыра зерттеген еңбектер санаулы ғана. Осы ретпен келгенде Ислам Жеменейдің «Абай мектебі және Шығыс тарихы мен әдебиетіндегі сана-сезім жетекшілері» кітабында ұсынған тұжырымдары – аз зерттелген мәселеге қосылған үлес. Зерттеуші әл-Фарабиден бастап, Абай өлеңдерінде аталған Физули, Шәмси, Сәйқали, Науаи, Сағди, Фердоуси және Хожа Хафиз бен Жалаладдин Дауани арасындағы өзара сабақтастықтарға шолу жасайды. Осы тұстағы белгісіз жайлардың басын ашуға тырысады. Абай оқыған  кітаптарға бойлап, ақынның кітапханасына енеді. Сондайда әл-Фараби тәрізді ислам фәлсафасының негізін салған ойшылдың еңбегі жаңаша зерделенуі керек деген мәселені көтереді. Өйткені қазақ ортасында әл-Фарабидің Отырардан шыққанын айтқанымыз болмаса, оның фәлсафасына терең түсіндіріп беретін еңбектер кемшін. Шығыс әдебиетімен таныс адамдардың әл-Фараби еңбектерін қазақша, немесе орысша оқығаннан гөрі шығыс тілдерінде анығырақ түсінетіні жасырын емес. Ислам Жеменей – сондай санаулы авторлардың бірі. 

Алайда кітаптың осы бөлігінде әл-Фарабидің еңбектеріне ғана емес, өмірбаянын баяндап кететін тұстары бар. Мәселен, әл-Фарабидің ныспысындағы «Тархан» «Ұзлақ» есімдерінің талқылануы Абай туралы еңбекке емес, әл-Фараби туралы еңбекке тән болса керек.

Автор әл-Фарабидің Абай ойларына әсерін талдай келгенде ақын өлеңдеріндегі мына шумақты ерекше талдайды.

Ақылға сыймас ол Алла,

Тағрипқа тілім қысқа, аһ!

Барлығына шүбәсіз

Неге мәужут ол куә, - деген жолдарда зерттеуші «куә» деген сөздің орнына «қуа», «қувва» сөз тұруы керек деп есептейді. Яғни, қуат мағынасын береді. Бұған дейін қолданылып келген «куә – гуаһ» сөздеріне шәк келтіреді. Ой сабақтастығын жалғастыру үшін «қуат» сөзін орынды деп санайды.

 «Сондықтан шумақтағы «куә» сөзін, «қуа» сөзімен алмастырсақ, Абайдың шумағындағы белгісіз ұғым түсінікті философиялық оймен сабақтасады. Сөйтіп мәтіннің көшірмедегі қателігі дұрысталып, қалпына келеді», - дейді автор.  

Зерттеуші бұл ретте әл-Фараби ұсынған қозғаушы қуат (өну қуаты, шабыт қуаты), ұғымтал қуат (сезімтал қуат, қиялдау қуаты, сөйлеу-баяндау қуаты) турасында талдайды. Сөйлеу қуатының өзі теориялық және тәжірибелік қуат болып бөлінеді. Ғалым Мекемтас Мырзахметовке сілтеме жасай отырып, осы қуат категорияларын Абайда айтылған «өзін танымақтық» және «жан қуатымен» байланыстырады.

Бұл тұста әл-Фараби мен Абай арасындағы ой сабақтастығын анықтаудан тыс текстологиялық мәселенің де шеті қылтияды. Абай шығармаларында осы күнге дейін басы ашылмай, әр басылымында әртүрлі ұсынылып жүрген сөздерді анықтауда бұл да ескерілуге тиіс мәселе ме, әлдеқалай? Бұдан бас салып, осы ұсынысты қабылдау керек деген ұғым тумаса керек. Оның бәрі мамандар мен ғалымдар арасында әлі талданып, жіліктеніп барып шешілетін дүние. 

Абайдың әр өлеңіне бір кітап арнайтын уақыт та тақап келеді десек, қателеспейміз. Абайдан біз алыстап барамыз. Абай ойларын түсіндіру жолында мұндай жұмыстар біртіндеп жасалатыны анық. Ислам Жеменей тоқталған Жалаладдин Дауанидің өзі Хафиз шығармаларын тәпсірлеуде трактаттар жазған. Бір өлең емес, бір өлеңдегі бірнеше жолды түсіндіру үшін ғана тұтас жеке трактаттар жазған кезі болған. 

Бұдан әрі зерттеуші Абайдың әйгілі 38 сөзін талдайды. Бұл қарасөздің толық мәтіні берілген. Бірақ бұл мәтін Абайдың бұрынғы жинақтарында жарияланып жүрген нұсқа емес, кейіннен жеңілдетілген мәтінге ұқсайды. Араб сөздерін қазақшалау, қазіргі қазақ тіліне жақындату сарынында қайта жазылған қара сөз. Мәселен, бұрыннан бері осы мәтінде айтылып келе жатқан Сопы Аллаярдың  «бір фәрдәдән жүз фәрдә бижай» деген сөзі «бір кісінің кесірінен жүз кісі ыңғайсыз жағдайда қалады» формасында қолданылған. Бұл да әлі талқылауды қажет ететін мәселе сияқты. Өйткені бұған дейін осы тіркестің мағынасы туралы әртүрлі айтылып келді, тұщымды дерлік тәржімасы жасалмады. Мәселен, Абайдың 175 жылдығы қарсаңында 2020 жылы жарыққа шыққан, қазіргі дейінгі соңғы ақын шығармаларының академиялық толық соңғы жинағында осы тіркес «Бір пердеден жүз перде жыртылады» деп аударылған. Сол жылы жеке қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Қара сөздерде» орыс тілінде жүз ақиқаттың ішінде бір ақиқат жоғары тұрады деген мағынамен аударылған.   

Парсы әдебиетінде ортағасырлық мәтіндерді түсінікті болу үшін қазіргі тілмен қайта баяндау тәсілі қалыптасқан. Автор «Абай мектебі» кітабында ақынның 38 сөзіне де осы тәсілді қолданып көрген. Ол алдымен түпнұсқада араб, парсы сөздері, діни мәтіндер үзіндісі жиі ұшырасатын мәтінді қайтара қотарып, бүгінгі тілмен баяндайды.  Оның ұтымды-ұтымсызын тағы да мамандар, абайтанушылар және оқырмандар айта жатар.  

Мұхаммед Физули туралы айтқанда зерттеуші парсы әдебиетіндегі «жеті ұлы жырау» (Нәсими, Иумини, Физули, Хатайи, Вейрани Баба, Пір Сұлтан Абдал, Құл Һиммет) атанған түркі ақындары туралы айта келіп, Маңғыстауда белгілі болған «жеті қайқы» аталған ақындарды (Әділ Өтеғұлұлы, Жылкелді Теңізбайұлы, Өскенбай Қалмамбетұлы, Шолтаман Байсарыұлы, Тастемір Шыршығұлұлы, Тұрсын Алдашұлы, Досат Бәймәмбетұлы) да атап өтеді. Алайда олардың Шыңғыстаудағы Абай шығармасымен сабақтастығы айтылмаған. Кітап «Абай мектебі» деп аталған соң, автор өзі таңдап алған тұсқа кеңірек талдау жасағаны абзал болар еді. 

Шәмс Тәбризи туралы айтылған тұста да Абай ойларымен сабақтастығы, немесе әсері жайында кеңірек жазылуы керек пе еді деген ой қалады. Ал Сәйқали туралы талдағанда автор өзіндік нұсқа ұсынады. Түбінде Шейхәлі болғанына меңзей отырып, есімнің дұрыс жазылмағанын айтады. Ғалым сондайда «Абай» энциклопедиясында Сейқали туралы жазылған анықтаманы сынайды. Ондағы сәйкессіздіктерді атап өтеді. Әсіресе, жылдық сәйкессіздіктер, хижраға аударғандағы алшақтыққа күман келтіреді. «Диуан» сөзінің «диуана» нұсқасында қолданылуы және «Сейхали» атауының қателігі, 15 ғасырда өмір сүрді деген ақынның Кербала шөліндегі оқиға туралы жырға Абай тәнті бола қояр ма екен деген сұрақтарды қояды. «Абай» энциклопедиясында берілген мәліметті жай ақылға салып қарағанда, логикаға сәйкес келмейді. Мұндағы мақсат – біреуді айыптап, кеткен қатені шұқып көрсету емес. Келесі басылымында жөндеген дұрыс. Өйткені энциклопедиялық анықтамалыққа әрбір мәлімет дәйекті де тиянақты болуы тиіс. Жұрт оған сеніп, зерттеулеп жүргізіп, мақалалар жазғанда сілтеме жасайды», - дейді автор. 

Ғалым осы орайда өзбек әдебиетінде Сейқали туралы не айтылғанын зерделеген. Бірақ осы атаумен танылған ақынның шығармасы қай тілде жазылғаны анық көрсетілмегенін, және онда Кербала хикаясын сөз еткен дастаны аталғанын айтады. Абай өлеңінде аталатын Сейқали туралы Ислам Жеменей  белгілі бір тұжырымға тоқталмай, бұл бағытта әлі зерттеу қажеттігін айтумен шектелген. 

Кітаптың Әлішер Науаи туралы айтылған бөлігінде біршама шығыс ақындары аталады. Алайда Науаидың да, басқа ақындардың Абай шығармаларына әсері немесе сабақтастығы жайында тоқталмаған.

Зерттеушінің шығыс әдебиетінің Абайға әсері дегенде Сағдидің шығармашылығы туралы біршама тоқталғаны байқалады. Сонымен қатар қос ақын шығармаларындағы, өіміріндегі айырмашылықтар жайы да айтылады. Автор Шираздағы Сағди бағы жайында айта келе болашақта Семейден де «Абай – Алаша бағы» ұлттық мәдени кешенін ашу туралы ұсыныс айтады. 

Фирдоуси туралы айтылған тұсында зерттеуші парсы ақыны мен оның қазақша жырлаушысы Тұрмағамбет Ізтілеуовтің еңбектерін атап өтеді. Ал Хафиз туралы тоқталғанда ғалым Хафиз жырларында аталатын Жаратқанға деген деген махабаттың Абай арқылы Шәкерімге қонғаны жайында лебіз білдіреді. «Абайдан ауысқан илахи махаббат Шәкәрімге ұласқанда Хафиз ғасыры, Хафиз үні жаңғырып тұрғандай қазақ поэзиясында «арақ» терминін сопылықтың рухани тазалығын бейнелей білгеніне куә боламыз», - дейді зерттеуші. Оның пайымынша, Хафиз бен Абай адам болмысындағы қайшылықтарға үңіле отырып, үйлесім шығаруға тырысады. Ислам Жеменей ондайда «Хафиз бен Абай екі заманның үндес ойшыл ақындары адамдық қасиеттің көкжиегінде бір-бірімен табысады» деп қорытады.  

Зерттеуші Абай өлеңінде атап өтетін ғұлама Дауанидың өмірбаяны мен шығармашылығына кеңінен шолу жасайды. Оның философиялық ойлары, сопылық пен дүниеауи өмірді сабақтастыруы, әлеуметтік жайларды талдауы, сол кездегі саяси орта, қоғам жайына шолу жасалған. Дауанидің педагогикалық тұжырымдарының бірі баршаға мәлім Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңінде қамтылған. «Екеуі де ғылымды қоғамның қайырлы тірлігі үшін қажетті құрал санайды. Ғылым олар үшін бай болу немесе би болу үшін емес, керісінше, қараңғылықтан жарыққа шығудың жолы болып саналады», - дейді зерттеуші.  

Ол Дауанидің өз қоғамындағы экономикалық қатынасқа жасаған талдауына да шолу жасайды. Ойшылдар арасындағы сарынды саралай келе автор «Қазақты саяси-экономикалық тығырықтан шығара алатын жолды Қожа Ахмет Йәсауи бастап, Абай жалғастырған», - деп түйеді. Сондайда Жалал Дауани мен Абайдың екеуінің де жас кезінде ел билігіне араласып, кейін біржолата ғылым мен білімге ден қойғанын салыстырады. Бұл тұста зерттеуші Абайдың өлеңдерімен қоса, оның қарасөздерінде айтылған қоғамдық, экономикалық тұжырымдарға ден қояды. Ғалым Дауанидің өз заманында жас кезінде дүниені шарлағанын еске сала отырып,  Абайды «Дауани әлеміне саяхат жасаған жолаушы» деп сипаттайды. 

Бұған қоса автор Абайдың тарих тақырыбындағы мақаласы «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны» туралы жазбасын да талдай отырып, оның қайнар көзі ретінде аталған «Бабырнамаға» да тоқталады. Ислам Жеменей бұл дереккөздегі «қазақ» сөзі қалай талданғанына назар аудартады. Бабырдың «қалмақ және моғол тілінде өлтіргішті «Алашы» деген» деп келетін топшылауына меңзеп, автор Абай айтқандай «Алаш» атауын осы түбірге байланысты болжайтын болсақ, Бабырды бұл атауды айналымға енгізген алғашқы зерттеуші деуге болады», - деп пайымдайды.

Зерттеуші Абай шығармашаларының қайнар көзі ретінде ақын қарасөздерінде атап өтетін Сопы Аллаяр еңбектеріне де тоқталған. Сопының бірқанша еңбектерін атай келе Ислам Жеменей оның атын шығарған «Сәбатул-ажезин» («Әлсіздер тірегі») еңбегі деп есептейтінін атайды. Осы еңбектің ескі медреселерден жеткен оқу құралы екендігіне меңзеп, оның нұсқаларына шолу жасайды. Бұл ретте автор өзі туып өскен Ирандағы түркімен ортасында Сопы Аллаяр еңбектерінің әлі де жарық көріп келе жатқанын айтады. Әуезов Абай шығармаларына әсер етті деген Сопы Аллаяр еңбектері қазақ ортасында кем зерттелген. Оның өзінде анықтамалық деректен ұзамай жүргені рас. Сондықтан Әуезов Сопының сарынын меңзегенде нені айтқысы келді, немесе Абай қарасөздерінде атаған Сопы Аллаярдың «бір фәрдәдән жүз фәрдә бижай» сөзі нені білдіреді деген сұрақтар туындайды. Ислам Жеменей осы бағытта талдау жасайды. Алайда нақтырақ тұжырым айтылмайды. 

Кітаптың «Қорытынды» бөлігінде автор осы монографияның жазылуы, жинақталуы жайлы айтады. Мұхтар Әуезов пен Мекемтас Мырзахметовтің тұжырымдары мен еңбектеріне сілтеп, Абайдың шығысын зерделеуде жүйелі жұмыстар жасалуы керектігін, бұл бағытта Мекемтас Мырзахметовтің алғаш қадам жасағанын атап өтеді. Мұндайда автор ендігі зерттеушілердің Абайды талдауға шығыс  тілдерін білумен ғана шектелмей ислам философиясы, ислам тарихы, сопылық дүниетаным және исламның мәдени құндылықтарымен «қаруланы» керектігін атап көрсетеді. Автор өз ұстазы Мекемтас Мырзахметовке сілтеме жасай отырып, «Бұл зерттеу еңбегімде тек қана аталған шығыстың түркі-парсы ақындарының өмірі мен шығармашылығын қарастырғанда олардың өмірі мен дүниетанымында Абайдың өмірі мен көзқарастарының ұқсастығы мен һәм айырмашылықтарын назарда ұстап, әр ақынның өзіндік рухани жіне шығармашылық ерекшелігін де пайымдап, ұлы ақынның олармен қай тұста жақындап, ой қазынасына қажетсінген дүниелерді айқындап отыруға тырыстым. Сондықтан бұл зерттеу еңбегін Абай мен шығыстың ой әлеміндегі тырнақалды жұмыс деп айтуға болады» деп қорытады.       

Ислам Жеменейдің «Абай мектебі және Шығыс тарихы мен әдебиетіндегі сана-сезім жетекшілері» монографиясында кітаптың редакциясы, суреттеріндегі мәліметтер, иллюстрациялық деректердің ішінде түзетуді қажет ететін тұстары бар. Бұл – мәселенің техникалық қыры. Соған қарамастан Ислам Жеменей – Қазақстанда шығыс әдебиетін және мәдениет, тарихын зерттеп жүрген бірден бір зерттеуші. Және басқа да зерттеушілерден айырмашылығы – сол ортада туып, өсіп қалыптасқан ғалым. Оның абайтанудағы зерттеуі жауапкершілікке ие салмақты дүние екенін айтуымыз керек.

Қорыта айтқанда, Ислам Жеменейдің «Абай мектебі және Шығыс тарихы мен әдебиетіндегі сана-сезім жетекшілері» туралы кітапқа пікір білдірудің өзі адамды ойлануға, ізденуге мәжбүрлейтіні анық. Талабымыздың жеткенінше біз де өз түйгенімізді жеткізуге тырысқанда байқағанымыз осылар болды. 

Қуанышбек Қари



Пікірлер