Құрылыс алаңындағы апат. Үш жұмысшы бесінші қабаттан құлап кетті

698
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/3yKSF0whorHPb2ToDcp6v6NaNSeSSWc3NjCuQhT9.jpg

Астанада салынып жатқан тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында үш жұмысшы бесінші қабаттан құлады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Олар түрлі деңгейдегі жарақат алды. Оқиға 18 қараша күні шамамен сағат 11:00-де болған.
Зардап шеккен жұмысшылардың бірі 1981 жылы туған. Ер адамның ұлы әкесінің Күлтегін көшесі, 16 мекенжайындағы Attila тұрғын үй кешенінің бесінші қабатынан құлағанын айтты.

«Маған телефон соғып, әкемнің бесінші қабаттан құлап, ауруханаға жеткізілгенін айтты. Бірден ауруханаға бардым. Әкеме 4-5 сағатқа созылған операция жасалды», – деді ол.

Оның сөзінше, әкесімен бірге тағы екі жұмысшы да құлап кеткен.

«Әкемнің жанындағы жігіттің жағдайы жақсырақ. Есін біледі, сөйлейді, жүре алады. Бір қабырғасы сынған, басы мен құлағынан жарақат алған. Ал әкем басымен құлаған. Бір көзі көрмей қалды, тіпті алып тастауы мүмкін», – деді ол.

Желіде тараған, оқиға орнында түсірілген видеода жұмысшылар тұрған темір конструкцияның жерде сынған күйде және қанға боялғаны байқалады.

«Видеодағы сары темір – сол құлаған платформа. Дұрыс дәнекерленбеген, тексерілмеген. Қауіпсіздік техникасы сақталмаған, оны қадағалайтын адам болу керек еді», – деді зардап шеккеннің ұлы.

Ол сондай-ақ оқиға орнындағы видеолардың алдымен чаттарға жіберіліп, кейін жылдам өшірілгенін айтты.

Оқиға бойынша тиісті органдар тарапынан тексеру жүріп жатыр.

Пікірлер