Елена Рыбакина WTA Finals 2025 чемпионы атанды. Тоқаев "Барыс" орденімен марапаттады

1048
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/L7yeemFBa1V5r16EbbVYKykQy3Q7kAfUilQ5zeSR.webp

Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өткен әйелдер теннисінің маусымдық қорытынды жарысы – WTA Finals 2025 аяқталды. Финалдық кездесуде қазақстандық теннисші Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы, "Үлкен дулыға" турнирлерінің төрт дүркін чемпионы Арина Соболенконы (Беларусь) 6:3, 7:6 (7:0) есебімен жеңіп, өз мансабындағы ең ірі жетістіктерінің біріне қол жеткізді, деп хабарлайды "Адырна".

Бұл жеңіс Рыбакинаға 1 500 рейтингтік ұпай мен 5,235 миллион АҚШ доллары көлеміндегі рекордтық жүлде әкелді. Осы нәтижеден кейін ол 2025 жылғы 10 қарашада жарияланатын жаңартылған әлемдік рейтингте бесінші орынға көтеріледі.

1972 жылы алғаш ұйымдастырылған турнир тарихында Елена Рыбакина WTA маусымдық қорытынды жарысында жеңіске жеткен Азия елінен шыққан тұңғыш теннисші атанды. Бұған дейін қытайлық Ли На (2013) мен Чжэн Циньвэнь (2024) финалға дейін ғана жеткен болатын.

2025 жылы Рыбакина 500-ден астам эйс соққан алғашқы теннисші атанды. Бұған дейін мұндай көрсеткішке 2016 жылы Каролина Плишкова ғана жеткен еді.

Ол биылғы маусымда әлемнің топ-10 ойыншыларына қарсы жеті матч қатарынан жеңіспен аяқтаған жалғыз спортшы болды.

Қазіргі уақытта Елена Рыбакина өз кәсіби мансабында 11 WTA титулына (оның ішінде екі WTA 1000 және бір "Үлкен дулыға" – Уимблдон-2022) ие. Бұл – жекелей сында осындай жетістікке жеткен алғашқы қазақстандық теннисші.

Президенттің құттықтауы

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаны тарихи жеңісімен құттықтап, оның спорттағы табысы мен ел имиджін көтеруге қосқан үлесін жоғары бағалады. Мемлекет басшысы теннисшіні ІІІ дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.

«Дүбірлі додадағы жеңісіңізді, теннистің дамуына қосқан үлесіңізді және аталған спортты елімізде насихаттауға сіңірген еңбегіңізді ескере отырып, Сізді ІІІ дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойдым», – деді Президент өз құттықтауында.

Елена Рыбакинаның бұл жеңісі – қазақстандық теннистің жаңа белесі мен ел спортының әлемдік аренадағы беделін арттырған айтулы оқиға болды.

Пікірлер