Елу мыңнан астам жүк көлігінің жүргізушісі жұмыссыз қалды

757
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/oLdCfd7GkXSSdmdRx7IsSerZ0VZNwNMHVCuKlieo.webp

Қазақстанда 50 мыңнан астам жүк көлігінің жүргізушісі жұмыссыз қалды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Жүргізушілер көлік прокуратурасына ұжымдық арыз жазған. «КТК» телеарнасының мәліметінше, өткен аптада бірден 200-ге жуық тасымалдаушы компанияның қызметі тоқтатылған. Оларды жалған құжат пайдаланған деп айыптаған.

Мәселенің туындауына биыл қаңтар айынан бастап жүк көліктеріне шетелге шығуға арналған визалардың берілмеуі себеп болған. Осыдан кейін кейбір тасымалдаушылар рұқсат құжаттарын заңсыз жолмен сатып алуға мәжбүр болған.

Жүргізушілердің айтуынша, шетелге шығу үшін әрбір жүк көлігіне арнайы рұқсат қағазы — виза қажет. Оның құны шамамен 4 мың теңге. Бұл құжаттарды Көлік министрлігі береді. Алайда биылдан бастап жүйе толық автоматтандырылып, тек онлайн форматқа көшкен. Нәтижесінде құжат алу күрделеніп, кейбір жүргізушілер қара нарықтан 100 мың теңгеге дейін төлеуге мәжбүр болған.

Жүк тасымалдаушылардың айтуынша, егер мәселе шешілмесе, елде азық-түлік пен тұрмыстық тауарлардың бағасы күрт өсуі мүмкін.

Көлік министрлігі бұл жағдайға байланысты түсініктеме беріп, алаңдауға негіз жоқ екенін мәлімдеді. Ведомствоның мәліметінше, құжат беру тәртібін күшейту — делдалдар мен заңсыз делдалдықты жою мақсатында қабылданған шара.

«Компания рұқсат ала алмаса, бұл жүйе оның бұзушылығын анықтағанын білдіреді. Дегенмен мұндай компаниялар жұмысын жалғастыра алады. Мысалы, Қытай, Өзбекстан және ЕАЭО елдеріне жүктерін жеткізуге тыйым салынған жоқ. Бұл бағыттарға арнайы ИБР-бланк қажет емес», — деді көлік және көлік бақылауы комитеті басқармасының басшысы Ғани Салмаев.

Оның айтуынша, егер компаниялар немесе жүргізушілер өздеріне қатысты әділетсіз шешім деп есептесе, комитетке ресми хат жолдап, жеке қарастыруды сұрай алады.

Пікірлер