Францияның Эвиан-ле-Бен қаласында өткен саммитте «Үлкен жетілік» (G7) елдері Ресейдің мұнай және газ секторына қарсы жаңа санкциялар енгізу туралы келісімге келді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі DW басылымына сілтеме жасап.
Бұл туралы 17 маусымға қараған түні жарияланған G7 көшбасшыларының қорытынды мәлімдемесінде айтылған.
«Біз Ресейдің әскери экономикасына қарсы қысымды күшейтуге міндеттенеміз. Осыған байланысты мұнай-газ секторына қатысты шараларды қоса алғанда, санкцияларымызды күшейтеміз», – делінген құжатта.
Мәлімдемеде қазіргі уақытта Мәскеуге қарсы жаңа шектеулер енгізудің қолайлы кезеңі туғаны атап өтілген. Себебі АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен Ормұз бұғазын ашу жөнінде келісімге қол жеткізген. Әлемдік мұнай мен газдың едәуір бөлігі дәл осы теңіз дәлізі арқылы тасымалданады.
Сондай-ақ G7 елдері Украинаның бостандығын, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғаудағы күресін қолдауда біртұтас екенін мәлімдеді.
«Біз маңызды инфрақұрылым нысандары мен мәдени мұра объектілеріне жасалған шабуылдардан зардап шегіп отырған Украина халқымен ынтымақтастығымызды тағы да растаймыз. Украинаның табандылығын және соңғы айларда майданда қол жеткізген жетістіктерін жоғары бағалаймыз. Қазіргі уақытта жағдайдың жаңа серпін алғанын атап өтеміз», – делінген мәлімдемеде.
Осы серпінді қолдау және күшейту мақсатында G7 көшбасшылары Украинаға әуе қорғанысы жүйелерін, зымырандарға қарсы тосқауыл қою құралдарын, алыс қашықтыққа арналған қару-жарақ пен өзге де әскери техниканы жеткізуді арттыруға келісті.
Сонымен қатар олар Украина аумағында әскери өнім өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік беретін лицензиялар беру мәселесін қарастыруға уағдаласты.
G7 елдері Украинаға алдағы қыс мезгілінен өтуге көмектесу үшін энергетика саласындағы қолдауды да жалғастыруға уәде берді.
«Үлкен жетілік» құрамына Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Италия, Жапония және Канада кіреді.
Еске салайық, бірнеше күн бұрын Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен және Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескен болатын. Ақ үй басшысы Украинадағы соғыс қимылдарын тоқтату қажеттігін тағы да айтып, бұл бағытта Еуропадағы серіктестеріне де, Киевке де ықпал етуге дайын екенін мәлімдеген еді.
