Пранктері үшін сыналған блогер "саяси шешім" қабылдады

2838
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/wx7jXa1X65DI5L6qq2YDvxN5AGCr2YZ8HWbjprha.jpg

Қытай мен Өзбекстанда түсірген пранктері үшін сынға ұшыраған блогер Аружан Айбекқызы KAZINFORM агенттігіне берген сұқбатында өз әрекеттерінен кейін белгілі бір шешім қабылдағанын айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

“Мен Қазақстанмен шекаралас елдерде мұндай пранк түсірмеймін. Ал басқа мемлекеттерге барсам, ойланып көремін”, – деген ол.

Блогердің айтуынша, соңғы оқиғалардан кейін оның жеке тұлғасына қатысты ауыр пікірлер мен балағат сөздер жазылған.

 “Мен туралы түрлі жалған ақпараттар тарады. Енді сол парақшаларға қатысты құқық қорғау органдарына арыз түсіргім келеді”, – деп атап өтті ол.

Бұған дейін Аружан Айбекқызы Өзбекстан метросында түсірген пранкі үшін “Ұсақ бұзақылық” бабы бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш (78 мың теңге) көлемінде айыппұл төлеген болатын.

“Алғашында түсінбедім. Видео Өзбекстанда түсірілсе, неге айыппұлды Қазақстан салады деп ойладым. Бірақ мен ҚР азаматы болғандықтан, шара осында қабылданады екен. Сот шешімімен келісемін”, – дейді блогер.

Оның айтуынша, сотта видеоларда харассмент белгілері бар делінген. “Мен ешкімге зорлық-зомбылық көрсеткен жоқпын. Пранктерім әзіл ретінде түсіріледі. Керісінше, автобуста немесе қоғамдық көлікте әйелдерге жасалатын әлімжеттікке назар аудартқым келеді”, – дейді ол.

Еске сала кетейік, Аружан Айбекқызы Қытайда да қоғамдық орында пранк жасаған. Өзінің айтуынша, жергілікті құқық қорғау органдары сол кезде ескерту жасаумен шектелген. 

Пікірлер