Бас прокурор Назарбаевтың активтерін қайта тексеріп жатқанын айтты

1246
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/0vdFgOJKTHWo5YzOi9kigApg0ksdO808BBq9xXoG.webp

Қазақстанның Бас прокуратурасы марқұм Болат Назарбаевтың ұлы, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Нұрбол Назарбаевтың активтеріне қатысты жұмыстар атқарып жатқанын растады. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов Мәжіліс депутатының сауалына берген ресми жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна».

24 қыркүйекте Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Нұрбол Назарбаевтың сот шешімімен 57 миллиард теңге көлеміндегі активтерінен айырылғанын және оның барлық банк шоттары бұғатталғанын хабарлаған болатын.

Депутаттың айтуынша, Болат Назарбаев пен оның отбасы Алматы қласы мен Алматы облысындағы жер телімдері және базарларды рейдерлік жолмен иемденуі мүмкін. Ол әсіресе “Алтын Орда” базарының осы әулетпен байланысы туралы қоғамда тараған ақпараттарға назар аударды.
Зайытов Бас прокуратурадан Нұрбол Назарбаевтың активтерін тексеріп, заңсыз алынған мүлікті мемлекетке қайтаруды сұраған.

Бас прокурор Берік Асыловтың мәлімдеуінше, заңсыз алынған активтерді қайтару жөніндегі комиссия шешімімен 1,3 триллион теңге көлеміндегі активтер бойынша шаралар қабылданған.

Атап айтқанда:

  • 750 миллиард теңге және 103 миллиард теңгенің мүлкі ерікті түрде қайтарылған;
  • 112 миллиард теңге мәжбүрлі түрде өндіріп алынған.

 «Активтерді қайтару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында заңмен қорғалатын құпияларды сақтай отырып жарияланып тұрады. Бұл жұмыс сіздің сауалыңызда аталған тұлғаларды да қамтиды. Сіз келтірген мәліметтер активтерді заңсыз иемденуге және оларды елге қайтаруға қарсы іс-қимыл барысында ескеріледі», - деді Берік Асылов.

Бұған дейін Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Койгелдиев Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның “Алтын Орда базарының рейдерлік жолмен басып алынуы” туралы мәлімдемесіне түсініктеме берген болатын. Ол кезде Койгелдиев:

«Рейдерлік басып алу фактілері расталмады»,- деген еді.

Пікірлер