Ақтауда танымал блогер Азамат Сарсенбаев 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы блогердің өзі Instagram парақшасында мәлімдеді. Оның айтуынша, сот шешімі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабы («Жала жабу») бойынша шыққан.
Блогердің сөзінше, әкімшілік іс оның әлеуметтік желіде жариялаған пікірлерінен кейін қозғалған. Ол жазбасында донер сататын дәмхана иесі мен келуші арасындағы жанжалға байланысты өз ойын білдіріп, кәсіпкердің сөздерін келтірген.
«Мені сот шешімімен 20 тәулікке жапты. Бұл – толық заңсыздық. Қазір арнайы қабылдау орнына бара жатырмын, апелляция шешіміне дейін сонда боламын. Енді билікке сын айтқан әрбір адам түрмеге түсуі мүмкін», — деді Азамат Сарсенбаев.
Бұған дейін блогер Ақтаудағы қоғамдық тамақтану нүктелерінің біріне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері қамқорлық жасайды деп мәлімдеген. Ол аталмыш нысанның заңсыз тұрғызылғанын, құрылыс кезінде ережелердің сақталмағанын айтқан болатын. Осыдан кейін Маңғыстау облысы бойынша Антикоррупциялық қызмет блогерді «абырой мен ар-намысты қорғау» мақсатында сотқа берген.