Медицина қызметкері күні қарсаңында елдің денсаулық сақтау саласының үздік өкілдеріне – олардың арқасында талай өмір сақталып, болашақ ұрпақтың денсаулығы мен қазақстандық отбасылардың амандығы қамтамасыз етілген мамандарға – мемлекеттік және ведомстволық құрмет наградалары табысталды.
Марапатталғандардың қатарында – Ұлытау облысының Жезқазған қалалық көпбейінді ауруханасының хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Құлымжанов Нұртілек Марланұлы да бар. Қазақстан азаматтарының денсаулығын нығайту мен денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Нұртілек Марланұлы Қарағанды мемлекеттік медицина академиясын тәмамдаған соң туған қаласына оралып, еңбек жолын 2008 жылы Жезқазған қалалық көпбейінді ауруханасының қабылдау бөлімінде терапевт дәрігер ретінде бастаған. 2018 жылы жаңадан ашылған хирургия бөлімшесінің меңгерушісі болып тағайындалып, бұл маңызды құрылымның қалыптасуына үлкен үлес қосты.