Ұлттық статистика бюросы халықтың өмір сүру сапасын анықтау мақсатында жүргізген зерттеудің нәтижесін жариялады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Зерттеу қорытындысы бойынша респонденттердің 53,2%-ы өздерінің өмір сүру жағдайларына қанағаттанатындарын айтқан. Бұл көрсеткіш өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 0,7 пайызға жоғары. Ал 46,3% қазақстандық өз өміріне жартылай қанағаттанатынын жеткізген.
Айта кетерлігі, ауыл тұрғындары арасында өміріне риза жандардың үлесі (65,4%) қала тұрғындарына қарағанда (51,7%) едәуір көп.
Сонымен қатар респонденттердің 51 пайызы өз денсаулығына қанағаттанатынын, 46,4 пайызы жартылай қанағаттанатынын айтқан. Бұл да өткен жылмен салыстырғанда 1,5 пайызға артқан.
Зерттеу нәтижесінде 73,6% азамат өздерін табыс деңгейі бойынша «орташа қамтамасыз етілгендер» қатарына жатқызған. 65,8% қатысушы туыстары мен таныстары тарапынан моральдық қолдауға сенетінін айтқан.
Ал сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 73 пайызы өз болашағына сенімді және алдағы уақытта жағдай жақсарады деп үміттенеді.