Тоқаев жасанды интеллект саласына маманданған зерттеу университетін ашуды тапсырды

1364
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/o5XLDqdNfF7Lo8RnPlFQmBT9XpiODqcSvuXb4z8t.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысын өткізді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Президент жасанды интеллектіні дамытпай, жаһандық бәсекеге төтеп беру мүмкін еместігін еске салды. Цифрлық жүйелер мен жасанды интеллект егемен ел болудың кепіліне, экономикалық дамудың қозғаушы күшіне айналды.

«Сондықтан біз де осы ахуалға сай алдымызға биік мақсат қойдық. Қазақстан үш жыл ішінде толыққанды цифрлық ел болуы керек. Мен бұл туралы халыққа Жолдауымда жан-жақты тарқатып айттым. Жалпы, елімізде осы бағытта біраз жұмыс істелді. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтің 92 пайыздан астамы онлайн форматта ұсынылады. Былтыр еліміздегі қолма-қол ақшасыз төлемнің үлесі 85 пайыздан асты. Сондай-ақ биыл алғашқы жарты жыл ішінде Қазақстан азаматтарына 26 миллион цифрлық қызмет көрсетілді. Соның жартысына жуығы смартфон арқылы жасалған. Мұның бәрі де, әрине, жақсы. Дейтұрғанмен жасанды интеллектінің даму жылдамдығы өте тез, қарқыны жоғары. Сондықтан бір орында тоқтап қалмай, бұл іске үнемі жаңа көзқараспен қарау қажет»,–деді ол.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласына маманданған зерттеу университетін ашуды тапсырды.

«Оқу орнына арнайы мәртебе берген жөн. Сондай-ақ бұл жұмысқа әлемдік үздік оқу орындарын серіктес ретінде тарту қажет. Үкімет жыл соңына дейін осы мәселе бойынша нақты ұсыныс беруге тиіс. Осындай жаңа оқу орны бізге не үшін қажет деген сауал да туындауы мүмкін. Басты мақсат – экономиканың барлық саласына жасанды интеллект технологиясын енгізетін білікті мамандарды даярлау. Зерттеу университеті ғылым-білім, инновация және халықаралық байланыс орталығы ретінде жұмыс істеуі керек. Қазіргі жаһандық білім және технология нарығында бәсеке өте жоғары. Дарынды жастарымыз әлемдік деңгейдегі сапалы білімді тек шетелден емес, өз елімізден де алғаны дұрыс. Бұл – Қазақстанның болашағына тікелей әсері бар өте маңызды мәселе»,– деді президент.

 

 

Пікірлер