Экс-министр өз қызметі кезіндегі өзгерістерді атады

807
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/8KstjZHOUCUKRCDmPKD6mp7IlmOILYvZ2EE20VSv.jpg

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі қызметін атқарған Ғани Бейсембаев қызметінен босатылған соң желіде жазба жариялады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Экс-министр Мемлекет басшысына сенім білдіргені үшін алғыс айтып, ұстаздар қауымына ризашылығын жеткізді. Оның сөзінше, соңғы жылдары білім беру саласында бірқатар маңызды бастамалар жүзеге асқан. 

"Президентіміздің тікелей қолдауының арқасында педагогтердің еңбекақысы екі есе көтеріліп, «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып, екі жылда үш ұстазға «Еңбек Ері» атағы беріліп, «Келешек мектептері» жобасы қолға алынғаны белгілі.

Осы жылдар ішінде жаңа мектептер салумен қатар, мұғалім мәртебесі артып, балалардың қауіпсіздігі күшейіп, заманауи бағдарламалар әзірленіп, инклюзивті әрі тең білім беруге үлкен қадамдар жасалды. Сондай-ақ алғаш рет мектептегі бала тәрбиесіне аса мән беріп бірыңғай тәсілдері бекітілді. Бұл жетістіктер Президенттің тікелей пәрмені мен 600 мың педагогтің үздіксіз төккен мандай терінің жемісі, бірлесе атқарған ортақ жұмыстың жеңісі.
Сол үшін де еліміздің барлық педагогтері мен ардагер-ұстаздарға сенім мен қолдау білдіргендеріңіз үшін шексіз ризашылығымды білдіремін. Табандылықпен атқарған адал еңбектеріңіз ісімізге қуат беріп, шабыт сыйлап отырды. Сондықтан да біз қабылдаған әр шешім білім беру ұйымдарында жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырып, мұғалім қызметінің мәртебесі мен маңызын арттыра түсті.
Осы орайда Президент Әкімшілігіне, Парламент пен Үкімет Аппаратына, сондай-ақ министрлер мен өңір әкімдеріне балаларымыздың қауіпсіздігі мен денсаулығына қатысты ең жауапты мәселелерді шешуде қолдау көрсеткендеріне айрықша алғысымды білдіремін", - деді экс-министр.

Бейсембаев жаңа мектептердің салынғанын, мұғалім мәртебесінің артқанын, балалардың қауіпсіздігі күшейгенін, заманауи бағдарламалардың әзірленгенін атап өтті. 

"Сонымен қатар, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, ведомстволық бағынысты ұйымдардың, аймақтық білім басқармалары мен бөлімдердің, облыстық әдістемелік және психологиялық орталықтардың, балабақшалар мен мектептердің, колледждердің қызметкерлеріне алғыс айтамын.

Жаңалықтардың жаршысы БАҚ өкілдеріне білім саласының өткір мәселелерін көтеріп, тиімді шешімді қабылдауға ықпал еткендері үшін мың алғыс.
Осы уақыт ішінде мұғалім мен мектептің сенімді серігіне айналған ата-аналар мен үкіметтік емес ұйымдарына шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Мұндай әріптестік байланыс мектептегі баланың мықты тұлға болып қалыптасуына көп көмегін тигізгені рас. Бұл қарекеттің дәстүрлі жалғасын табатынына сенемін", - деп жазды ол.

Өз жазбасында ол барлық педагогтерге, ардагер ұстаздарға, министрлік пен аймақтық білім басқармаларының қызметкерлеріне, БАҚ өкілдеріне, ата-аналар мен үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.

«Тәрбие мен білім берудегі ең басты тұлға – бала болса, оған қызмет ету біздің басты мұратымыз», – деп қорытындылады Ғани Бейсембаев.

Пікірлер