Бүгін Қазақстанның барлық өңірінде ҚР кәсіподақтар федерациясы және оның мүшелік ұйымдары «Таза Қазақстан – болашақ үшін» атты кең ауқымды экологиялық акция өткізді. Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылып, Еңбек күніне, Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығына және ҚРКФ-ның 35 жылдығына арналды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Акцияның басты мақсаты – елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға үлес қосу, аумақтарды абаттандыру, сондай-ақ азаматтардың табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттыру болды.
Астанадағы негізгі іс-шараға ҚРКФ аппаратының қызметкерлері мен Федерация төрағасы Сатыбалды Даулеталин қатысып, Тұран даңғылы бойына 50 түп ағаш (үйеңкі мен тал) отырғызды. Бұл қадам кәсіподақ қозғалысының тамырын тереңдетіп, өсіп-өркендеуін бейнелейтін символға айналды.

Сатыбалды Даулеталин акцияны «профсоюздардың бірлік күні» деп атады:
«Бұл жай ғана сенбілік емес – бұл біздің болашаққа деген көзқарасымызды білдіреді. Бүгін кеншілер, металлургтер, дәрігерлер, мұғалімдер және өзге де еңбек адамдары қатысып отыр. Бұл – елдің рухын көтеретін, экологиялық мәдениетті қалыптастыратын, бірлігімізді көрсететін шара», – деді ол.
Экологиялық бастама еліміздің барлық өңірін қамтыды. Мыңдаған кәсіподақ мүшелері мен еріктілер қатысып, 500-ден астам ағаш отырғызды, 20 гектардан аса аумақты тазалады және шамамен 2 тонна қоқыс жинады.

Мәселен, Түркістан қаласы мен облыстың бірқатар аудандарында санитарлық жұмыстар жүргізілді. Шығыс Қазақстандағы Ұлан ауданында жаңа музыкалық мектеп аумағына шыршалар егілді. Батыс Қазақстанда кәсіподақ белсенділері «Асыл Мирас» балалар орталығының аумағын көгалдандырды. Қарағандыда 80-нен астам кәсіподақ мүшесі Ұлттық еңбек гигиенасы орталығының аумағын тазалады. Жамбыл облысында 140-қа жуық кәсіподақ мүшесі арша отырғызып, Тараздағы скверді абаттандырды. Павлодарда өзен жағалауы мен шаңғы базасында сенбілік өтті.
Айта кетерлігі, акцияға қарапайым тұрғындар да қосылды. Астаналық зейнеткер Қобланды Базарбаев жастар мен кәсіподақтардың еңбегіне тәнті болып, бұл күнді «нағыз еңбек пен бірлік мерекесі» деп атады.
ҚРКФ басшылығы мұндай шараларды тұрақты түрде өткізу жоспарланып отырғанын хабарлады. Сатыбалды Даулеталин барлық қатысушыларға алғыс білдіріп:
«Экологиялық жауапкершілік – бір реттік акция емес, өмір салты. Бүгінгі күн еліміздің болашағы үшін бірліктің, ынтымақтың және ортақ құндылықтардың үлгісі болды. Біз бірге болғанда – мықтымыз», – деді.
Еске сала кетсек, «Таза Қазақстан» – 2023 жылдың сәуірінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен басталған республикалық экологиялық акция. Сол уақыттан бері кәсіподақтар табиғатты қорғау ісін қолдап, азаматтарды туған жерге деген жауапкершілікке тәрбиелеуге атсалысып келеді.
Шымкентте «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Еңбекші ауданында ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді
Қостанай облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жалғыз қалған зейнеткерлер мен тыл еңбеккерлеріне көмек көрсетілді