Ақорда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айтқан «тәртіп бұзатын әйелдерге» қатысты сөзіне түсініктеме берді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Хабарламада кейбір жандардың мемлекет басшысының сөзін ескерту ретінде қабылдағаны айтылған.
«Президенттің Қазақстан халқына жолдауы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтан бастап, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, су саласы, білім, спорт және басқа да көптеген мәселелерді қамтыды. Ерекше назар «Заң және Тәртіп» қағидатын сақтау – мемлекеттің іргетасы ретінде қарастыруға аударылды. Жолдауда президент азаматтарды кез келген құқықбұзушылыққа «нөлдік төзімділік» танытуға шақырды. Осы орайда мемлекет басшысы: «Өкінішке қарай, қоғамдық тәртіпті бұзушылардың арасында әйелдер де бар», - деп атап өтті. Кейбіреулер мұны ескерту ретінде қабылдады, бірақ мәні мүлде басқа. Егер ежелден сұлулықтың, нәзіктіктің, үйлесімнің символы болған әйелдер жанжалдарға араласа бастаса, демек, мінез-құлық мәдениетінің дағдарысы шынымен де күрделі сипатқа ие болды деген сөз», - делінген хабарламада.
Ақорда бұл мәлімдемені жалпы қоғамға айтылған үндеу ретінде қабылдау керектігін жеткізді.
«Бұл сөгіс емес, жынысына, жасына немесе шыққан тегіне қарамастан, баршамызға бағытталған құрметті қарым-қатынас мәдениетін қайта оралтуға шақыру. Жолдарда, кезектерде, вокзалдарда, ұшақтарда және басқа жерлерде жиілеп кеткен өзара құрметсіздік жағдайлары біздің менталитетіміздің бір бөлігіне айналмауы тиіс Сондықтан айтылған сөздердің мәні – этика мен қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруда, әдептілік пен өзара құрметті арттыруда жатыр. Бұл міндет ешқашан тек әйелдердің мойнына жүктелмейді. Бұл – бүкіл қоғамның міндеті»,– делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін президент өз Жолдауында қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар екенін атап өткен еді.
«Ашығын айтуымыз керек, қазір адамдарда дөрекі сөйлеп, бір-біріне ерегісіп, жаға жыртысатын әдет бар. Осындай келеңсіз оқиғаларды, әсіресе, қоғамдық орындарда, жол бойында жиі көруге болады. Өкінішке қарай, солардың ішінде айқай-шу шығаратын, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар. Бұл – мәдениетті, өркениетті қоғамға жараспайтын қылық, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделіне зиян келтіретін құбылыс», деген еді Тоқаев.