Қырғызстан парламентінің салалық комитеті Жалалабад қаласының атауын Манас деп өзгерту туралы заң жобасын бірден үш оқылымда мақұлдады. Бұл шешім 9 қыркүйектегі отырыста қабылданды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Алдағы уақытта құжатты парламенттің жалпы отырысында қарау жоспарланып отыр.
Қала атауын өзгертуге бюджеттен 15 млн сом (шамамен 171,5 мың доллар) бөлінбек. Жалалабад әкімі Эрнисбек Ормокеев бұл ұсынысты қалалық кеңеске енгізіп, депутаттар оны бірауыздан қолдады. Шенеуніктің айтуынша, ұсыныс жергілікті тұрғындардың өтінішіне негізделген.
Заң жобасына берілген анықтамада қала атауын өзгерту бастамасы ұлттық идеологияны нығайтуға және қырғыз халқының қорғаушысы саналатын эпостық қаһарман Манастың есімін қалаға беруге бағытталғаны айтылған.
Жалалабад – Қырғызстандағы үшінші ірі қала. Қазіргі таңда қала халқының саны 184 мыңнан асады.