Алматыда 40 қабатты VIP-кешеннің құрылысы уақытша тоқтатылды

1831
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/zIXWslhrCZOIUwD72D3UHrXQeEV8bbRmC88KT0bt.jpg

фото: rams-global.com

Алматыда 40 қабатты көпфункционалды тұрғын кешені (КТК) Rams Beyond құрылысы тоқтатылды. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.

«Жергілікті тұрғындардың Central Avenue тұрғын үй кешені бойынша жолдаған өтінішіне сәйкес, жер учаскесінің иесі – «BR Construction Qazaqstan» ЖШС-на (бұрынғы атауы – «Berton Ram» ЖШС) қатысты жоспардан тыс тексеру тіркелді. Оның нәтижесінде тапсырыс беруші тарапынан коммерциялық үй-жайлары мен паркингі бар тұрғын кешенін салу үшін қазаншұңқыр қазу және мұнаралы кранның іргетасын құю жұмыстары жобалық-сметалық құжаттамасыз, авторлық және техникалық қадағалаусыз, құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау туралы хабарландырусыз басталғаны анықталды. Бұл Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының талаптарын бұзады», – деп жауап берді әкімдік ҚазТАГ редакциясының сауалына бейсенбі күні.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, жоспардан тыс тексеру аяқталған соң тапсырыс берушіге экспресс-пошта арқылы тексеру нәтижелері туралы хабарлама мен акт, анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама және құрылыс қызметін тоқтату туралы акт жіберілген.

«Аталған құжаттарды алғаннан кейін тапсырыс берушіге ҚР ӘҚБтК 316-бабының 1-бөлігі (жобалық-сметалық) құжаттамасыз немесе тиісті сараптамадан өтпеген құжаттама негізінде құрылыс (қайта құру, қалпына келтіру, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделі жөндеу, жүргізу), 321-бап (техникалық және  авторлық қадағалаусыз құрылыс жүргізу) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылады», – делінген әкімдіктің жауабында.

Еске салайық, 2 шілдеде Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев RAMS компаниясы «Алматы парк» жобасын жүзеге асырып жатқанын және «Сейфуллин – Тимирязев қиылысындағы шағын жер телімінде» құрылысшы компания бес 10 қабатты ғимараттың ортасына 40 қабатты VIP мұнара салуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген болатын. Ол бұл жобаға қарсы екенін білдіріп, жаңа нысан мемлекеттік сараптамадан өтіп жатқанын, сондай-ақ президенттің тапсырмасы бойынша нүктелік құрылысты тоқтату керегін еске салған. Бұған жауап ретінде шенеуніктер 40 қабатты «VIP-тұрғын үй кешенінің» құрылысын заңды деп мәлімдеген. Алайда, 3 тамыз күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдап, Алматының жоғарғы бөлігінде нүктелік құрылыс жүргізуге тікелей тыйым салды.

Пікірлер