Сербияда жаппай тәртіпсіздіктер тіркелді

923
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/K76BIoX1xkXkbnqNkFTuEHIacAszR9VrICZaofE6.jpg

17 тамызға қараған түні Сербияның бірнеше қаласында жаппай тәртіпсіздіктер тіркелді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Валево қаласында ең күрделі жағдай қалыптасқан. Мұнда шамамен төрт мың адам көшеге шыққан. Наразылар «Сербияны тыныштандыру мүмкін емес» деген ұранмен билеуші партияның кеңсесін өртеп, қала әкімдігі, сот және прокуратура ғимараттарына шабуыл жасаған.

Белградта 1,3 мыңға жуық адам полицияға жанғыш қоспасы бар бөтелкелер мен пиротехника лақтырса, Нови-Садта 500-дей адам жиналған. Полиция көзден жас ағызатын газ қолданып, үш қалада тәртіпті қалпына келтірді.

Жергілікті БАҚ дерегінше, наразылықтар бірнеше күннен бері жалғасып жатыр. Осы уақыт ішінде 127 полицей мен кемінде 80 бейбіт тұрғын зардап шеккен. Президент Александр Вучич қатаң шаралар қабылдап, полиция мен сот жүйесіне реформа жасайтынын айтты. Ол Белград пен Нови-Сад көшелерін «бұзақылар мен қылмыскерлерден тазартуға» шақырды.

Наразылықтарға 2024 жылдың 1 қарашасында Нови-Садта болған қайғылы оқиға себеп болды. Теміржол вокзалының төбесі құлап, 16 адам қаза тапқан. Министрлердің отставкаға кетуі мен бірқатар шенеуніктердің қамауға алынғанына қарамастан, қоғам билікті жемқорлық пен салғырттық үшін айыптап отыр. Әуелде әлеуметтік сипатта басталған наразылықтар бүгінде саяси талаптарға ұласқан. Халық үкіметтің отставкасын және мерзімінен бұрын сайлау өткізуді талап етуде.

Пікірлер