Жаңа ғалымдар қосыны ма? 60-тан астам офицер мен генерал магистр дәрежесін алды

4033
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/nlbHXjgRmzCcUN2ynjlsWEDRZQ2Bm7DExhjDXlsS.jpg

Ұлттық қорғаныс университетінде болашақ қолбасшылар мен әскери басқару жүйесінің жетекшілері болып саналатын магистранттардың салтанатты бітіру рәсімі өтті. Биыл магистратура бағдарламасын 66 әскери қызметші сәтті аяқтады. Олардың қатарында Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, ІІМ, Ұлттық ұлан және басқа да күштік құрылымдардың офицерлері мен генералдары бар, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров түлектерді құттықтап, сәттілік тіледі.

«Бүгін сіздер кәсіби әрі академиялық дамудың маңызды кезеңін аяқтап отырсыздар. Университет қабырғасында алған білім, дағды мен офицерге тән қасиеттер — Отан алдындағы қызметтің берік іргетасы болмақ. Басшылықтың атынан баршаңызды оқу орнын сәтті аяқтаумен құттықтаймын. Әрқайсыңызбен мақтанамын!»—деді ол.

Бұдан бөлек, Әубәкіров әскери білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлестері үшін профессорлық-оқытушылық құрам мен ғылыми қызметкерлерге де алғыс білдірді.

Үздік түлектер қатарында — генерал-майор Дәулет Оспанов, әділет подполковнигі Нұржан Жапаров және медицина қызметінің майоры Талғат Слямбаев бар. Университет тарихында алғаш рет медицина қызметінің офицерлері магистр дәрежесін иеленгенін айта кету керек.

Жоғары дайындық деңгейін көрсеткен үздік магистранттарға төсбелгілер табысталып, есімдері университеттің Құрмет тақтасына енгізілді.

Айта кетейік, Ұлттық қорғаныс университеті — Орта Азиядағы жедел-тактикалық, жедел-стратегиялық және стратегиялық деңгейдегі офицерлерді дайындайтын жалғыз жоғары оқу орны. Мұнда тек Қазақстан Қарулы Күштерінің ғана емес, ҰҚШҰ мүше елдер мен алыс шет елдерінің өкілдері де білім алады. Бұл өз кезегінде білім ордасын халықаралық әскери әріптестіктің маңызды алаңына айналдырады.

Пікірлер