Қырғызстанда өтетін көшпенділер ойындарының бағдарламасына көкпар енбей қалды

2695
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/tD63eCsUWqBivsXTpYPXPDR4mLmhDjweYbUFl5S8.jpg

2026 жылы Қырғыз Республикасында өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына қазақтың ұлттық ойыны – көкпар енбей қалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Қырғызстанның дене шынықтыру және спорт мемлекеттік агенттігінің директоры Айбек Әбдімомынов мәлімдеді.

Оның айтуынша, алдағы ойындарда көкбөріден турнир ұйымдастырылады. Жарыс клубтық форматта өтеді – әр команда әртүрлі елдерден жиналған ойыншылардан құралады.

"Клубтар жеребе арқылы жасақталады. Мысалы, бір командада Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан және Венгриядан келген ойыншылар ойнауы мүмкін", – деп түсіндірді Әбдімомынов.

Мемлекеттік агенттік басшысы бұл жаңа формат спорттың саясилануына жол бермей, керісінше, ұжымдық жұмыс пен достықты нығайтады деп есептейді. Оның айтуынша, аталған шешім Қырғызстанның Көкбөрі федерациясымен бірлесе отырып қабылданған.

"Біз бірнеше рет кездесу өткізіп, жарыс ережелерін егжей-тегжейлі талқыладық. Әсіресе қауіпсіздік мәселелері мен қорғаныс жабдықтарының сапасына баса мән берілді. Жақын арада жаңартылған ереже жарияланады", – деді Әбдімомынов.

Айта кетейік, Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына көкпар мен көкбөрі де енгізілген еді. Көкпардан өткен турнирде Қазақстан құрамасы чемпион атанып, екінші орынды иеленген Қырғызстан командасы марапаттау рәсімін аяқтамай жатып, медальдарын шешіп тастап, залдан шығып кеткені қоғамда резонанс тудырған.

Пікірлер