Алтай Республикасының астанасы Таулы Алтай қаласында өзін-өзі басқарудың екі деңгейлі жүйесін жоюға қарсы рұқсат етілген митинг өтті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Наразылық шеруіне қатысушы, белсенді Павел Пастуховтың айтуынша, наразылық шарасына шамамен 3800–4000 адам қатысқан. Қоғамдық тәртіп бұзылмаған.
Митингке қатысушылардың кейбірі ұлттық киіммен келіп, қолдарына плакаттар ұстап шыққан. Онда: «Біздің Алтайымыздан қолыңды тарт», «Жерімізді олигархтардан қорғаймыз», «Турчак отставкаға кетсін» деген жазулар болған.
Наразылар биліктің екі деңгейлі жергілікті басқару жүйесін (ауылдық және аудандық) жойып, оларды бір орталықтан басқарылатын округтерге біріктіру жоспарына қарсы. Бұл жоспарға сәйкес, ауылдық кеңестер таратылып, округ әкімдерін тікелей сайлау мүмкіндігі қарастырылған.
Сондай-ақ, жұртшылық республика үкіметінің басшысы болып экс-депутат, «Эвалар» компаниясын негізін қалаған кәсіпкердің ұлы Александр Прокопьевтің тағайындалуына қарсы екенін білдірді.
Белсенділер митинг кезінде мобильді интернеттің нашарлағанын айтып шағымданды. Бұған дейін, 12 маусымда да наразылық білдірушілер федералды тас жолды уақытша жауып, осы реформаға қарсылық білдірген болатын.
Алтай Республикасының басшысы Андрей Турчак бұл жағдайға түсініктеме берген жоқ. Алайда бұған дейін ол наразылыққа шыққандарды «вандалдар» деп атап, сынаған болатын.
Ресей заңнамасына сәйкес, әр өңір жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін сақтау немесе өзгерту жөнінде шешімді дербес қабылдайды.
Ресейден алғашқы ұшақ келіп қонды. "Шақырылмаған қонақтарды" Тибилиси тұрғындары шерулете қарсы алды