Алматыда экс-судья Светлана Жолманова 10 жылға сотталды

1064
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/XQ5394Vvk1B4MA2qBJShgn9ypsEs0gzj7LubT5Zv.jpg

Алматы қаласы Медеу ауданының №2 соты бұрынғы судья Светлана Жолманованы 10 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Экс-судья Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылды.

Істе барлығы 48 алаяқтық эпизоды болды. Тергеу материалдарына сәйкес, Жолманова 2021–2024 жылдар аралығында жылжымайтын мүлік сатып алуға және тендерге қатысуға көмектесемін деген уәдемен азаматтарды алдап, сенімдеріне кіріп, олардың миллиондаған теңгесін иемденген. Зардап шеккендердің қатарында оның достары, көршілері, таныстары мен әріптестері бар.

Экс-судья жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Еске салайық, 2021 жылдың 28 сәуірінде Светлана Жолманова алаяқтық жасады деген күдікке ілінген болатын. Тінту кезінде оның кабинетінен 10 мың доллар тәркіленген болатын. Алайда бұрынғы судья бұл ақшаны ипотека рәсімдеу үшін жинағанын айтты.

2023 жылдың 12 мамырында ол ресми түрде жұмыстан шығарылды. Кейін іс қайта жанданды. 2024 жылдың қазан айында Жолманованың алаяқтық фактісі бойынша қамауға алынғаны белгілі болды.

Пікірлер