Педагогикалық қайта даярлау курстары мұғалім тапшылығын жоя ала ма?

6038
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда жаңа мектептер қарқынды түрде салынып жатыр, ал маман тапшылығы әлі де бар. Бұл туралы Сулейман Демирель атындағы университеттің ректоры Давронжон Гаипов айтты.

Оның айтуынша, елімізде мұғалім тапшылығын жою мақсатында қолға алынған қайта даярлау курстары мәселені шешуге септігін тигізеді. Педагогикалық білімі жоқ мамандар курстан өтіп, мектепте сабақ бере алады. Ректор жоба қалай жүзеге асырылып жатқанын түсіндірді.

«Қазақстанда жаңа мектептер қарқынды түрде салынып жатыр, ал маман тапшылығы әлі де бар. Әсіресе, информатика, физика пәндерінің мұғалімдері сұранысқа ие. Университетіміздегі Біліктілікті арттыру және инновация орталығы осы бағытта жұмыс істейді. Педагогикалық қайта даярлау курстарын өткізу – әлемдік үдеріс. Бұл – Англиядағы PGCE бағдарламасының қазақстандық аналогы болып табылатын зияткерлік өнім. Аралас форматта өтетін алты айлық оқыту курсын сәтті аяқтаған тыңдаушыларға мектепте мұғалім болып жұмыс істеуге құқық беретін мемлекеттік үлгідегі сертификат беріледі. Біздің орталықтың басқалардан ерекшелігі – практикаға бағытталған педагогикалық компоненттерді береміз. Сондай-ақ бұл курстарға магистранттар да қатыса алады», – деді ол.

Бакалавр дипломы қайта даярлау бағдарламасында өтейін деп жатқан пәндерге сәйкес болуы керек. Мамандығы сәйкес келмейтін түлектер бұл бағдарламаға қатыса алмайды. Осы уақытқа дейін Педагогикалық қайта даярлау курсына 17 маман қатысып, оның тек жетеуі сертификатталған маман атанды.

Солардың бірі – математик Қымбат Жүсіпова.

«Мен Қарағанды облысы Сәтпаев қаласында жекеменшік білім беру орталығын аштым, сонда математикадан сабақ беремін. Біліктілігімді арттыру мақсатында, сабақ берудің жаңа әдістемелерін үйрену үшін 6 айлық курсқа қатыстым. Маған сабақтар мен емтихандардың онлайн форматта өткені тиімді болды. Әсіресе, математика, XXІ ғасырдағы көшбасшылық, психология сабақтары маған ерекше ұнады. Көп жылдан бері мектепте жұмыс істеп жүрген ұстаздарға заманауи форматта сабақ беруді үйрену үшін қайта даярлаудан өтуге кеңес беремін», – деді ол.

ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов бұл бастама мектепке сапалы мұғалімдерді тарту мақсатында жүзеге асырылып жатқанын алға тартады.

«Мысалы, математика мамандығын игерген, бірақ педагогика бойынша диплом алмаған мамандар бар. Енді заңнамаға енгізілген өзгеріске сәйкес, математиктер педагогиканы оқытатын арнайы курстан кейін мектепте мұғалім бола алады. Осы рәсім бойынша мектепке сапалы мұғалімдерді тартамыз. Педагог болуы керек деген міндет жоқ. Басты шарт – математиканы жақсы білу», – деді министр.

СДУ ректорының айтуынша, қазіргі таңда курсқа қатысуға ниет білдірушілер көп, алайда, үміткерлер қатаң іріктеуден өтіп, талапқа сай мамандар ғана сертификат алады.

«Курсқа қатысушы өз бағытын дұрыс таңдауы қажет. Мысалы, IT маманы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерін даярлау бағдарламасына қатыса алмайды. Сондай-ақ 6 айлық курс барысында ЖОО-ларда 4 жыл оқытатын базалық білімді емес, сабақ берудің заманауи әдістемесін үйрететінімізді атап өткім келеді. Яғни қатысушының жоғары, не орта білім ал¬ғанын растайтын құжаты, мамандығы бойынша базалық білімі болуы қажет. Оған қоса ағылшын тілін кем дегенде А2 деңгейінде меңгеруі керек. Оны растайтын сертификат болмаған жағдайда, өтініш беруші университетте ағылшын тілінен тест тапсырады. Қазіргі таңда ақылы болса да курсқа сұраныс жоғары, алайда алдағы уақытта мемлекет тарапынан қолдау көрсетілу ықтималдығы бар. Қыркүйек айында курстың үшінші легі жұмысын бастайды», – деп түсіндірді Давронжон Гаипов.

Атап өтейік, университет педагогикалық бағыттағы мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөледі. Жаңадан ашылған «Мектепке дейінгі білім беру», «Бастауыш педагогика және әдістемесі», «Педагогика және психология», «Әлеуметтік педагогика» білім беру бағдарламалары болашақ педагогтерді сыни тұрғыда ойлауға, аналитикалық талдау жасауға, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелеріне сүйене отырып білім беруге үйретеді.

 

Пікірлер