«Алтын Орданың» құрылтайшылар құрамында экономикалық тергеу департаментінің экс қызметкері бар

2065
Adyrna.kz Telegram

Алматыдағы атышулы «Алтын Орда» базарының төңірегіндегі дау басылмай тұр. Керісінше өршіп барады. Қызығы, бұл базардың құрылтайшылар құрамында экономикалық тергеу департаментінің экс қызметкері де бар екен.

Көрші елдерден келген белгісіз топтар базарды өздігінше бөліп алып, билігін жүргізіп жатыр. Осыған орай дабыл қағып, елордада баспасөз мәслихатын өткізген заңгер Дәурен Ғабдул мұндағы үнемі жазасыз қалатын ұрлық-қарлық пен қолдан жасалған қымбатшылыққа осы топтардың қатысы бар дейді.

Шағымданған саудагерлер «Алтын орданың» қазіргі қожайыны тиісті жұмыстарды жүргізе алмай жатқанын ақпарат құралдарына жеткізген. Ал заңгер компанияда 95 пайыз үлесі бар астанадағы экономикалық тергеу департаментінің бұрынғы қызметкері Хамзиннің құрылтайшылар құрамына қалай кіргені белгісіз деп отыр.

Бұл заңсыздықтарға базардың қазіргі иелері жауап беріп, тәртіп орнатуға міндетті екенін қадап айтты.

«Бұл – ірі логистикалық торап. Алматы қаласы мен облысын қамтамасыз етіп отырған сауда орны. Бұл кем дегенде 3 миллион адам. Бұл – стартегиялық нысан. Егер ол жердің жұмысында ақау болса, бұл әрқайсымыздың үстеліміздегі нанымызға, жеп отырған етімізге дейін әсер етеді. Сондықтан «Алтын орданың» тағдыры әрқайсымызды алаңдатуы керек», – дейді заңгер Дәурен Ғабдул.

Айта кету керек, осыдан 3 ай бұрын келген жаңа қожайын базардың ортадағы адамдардың қатысуымен көтерілетін бағаларға қатысты былықтарын жоюға уәде еткен.

«Алтын орданың» бұрынғы құрылтайшыларының үстінен «2017 жылы базарды рейдерлік жолмен тартып алды» деген арыз түскен болатын. Заңгер Дәурен Ғабдулдың айтуынша, қазір сауда орынның экс-басшылары базарды қайтарып алуға күш салып жатқанын жеткізді.

«Базардың басшылығы ауысып, бәрі өзгереді, жалға алушылар жақсы өмір сүре бастайды, тауарлардың бағасы түседі деп ойладық. Сәуір айынан бері «Алтын ордада» баға төмендеді ме? Біз тәртіпті қоғам арқылы орнатуымыз қажет. Себебі, басшылықтың ауысқанының өзі күдік ұялатады», – дейді заңгер.

Пікірлер