АҚШ Польшада штаб құратын болды

2692
Adyrna.kz Telegram

Сәрсенбі күні АҚШ президенті Джо Байден Мадридте өткен НАТО саммитінде Ресей тарапынан жасалған қоқан-лоқыға жауап ретінде Америка құрлықтағы, әуедегі және теңіздегі әскери күшін Еуропада көбейте түсетінін және Польшаға 5-армиясының штабын тұрақтандыратынын айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Азаттық" сайтына сілтеме жасап.

- АҚШ-тың жаңа әскери кемелері — Испанияға, жойғыш ұшақтарының эскадрильясы — Ұлыбританияға, құрғақтағы әскері — Румынияға, әуе қорғанысы күштері — Германия мен Италияға, ал түрлі саладағы қарулы күштері — Балтық елдеріне орналасады, - деді Байден.

Оның сөзінше, бұл — Ресей Украинаға басып кірген соң Еуропадағы қауіпсіздікті нығайту және НАТО жерінің әрбір қадамын қорғау үшін жасалады.

Қазір Еуропада АҚШ-тың 100 мыңға жуық әскері бар, Ресей Украинаға басып кірген соң тағы да 20 мың қосылған.

АҚШ-тың Польшадағы әскери штабы НАТО-ның шығыс қанатындағы тұрақты контингентіне айналады. Польша президенті Анджей Дуда Вашингтонның шешімі Польша қауіпсіздігін нығайтуға қосылған үлкен үлес және Ресейге көрсетілген айқын белгі деп атады.

Ресей сыртқы істер министрлінің орынбасары Сергей Рябков "Вашингтон жағдайды ушықтырып отыр" деп айыптап, қарсы шара қолға алынатынын мәлімдеді.

Саммит кезінде Байден Түркия президенті Ердоғанмен де кездесті. Байден Швеция мен Финляндияның НАТО-ға кіргеніне қарсы болмай, ортақ келісімге келгені үшін Ердоғанға алғыс айтты. Вашингтон бұған дейін бұл дауға байланысты Түркияға ешбір қысым жасамағанын және ешнәрсе уәде бермегенін мәлімдеген. Осы саммитте видео байланыспен сөйлеген Украина президенті Владимир Зеленский НАТО-дан күтетін нақты көмектерін атады.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер