5 маусым күні өткен республикалық референдумда Шымкенттегі сайлау учаскелерінде жұмыс істеген 2705 адам еңбекақысын ала алмай жүр. Республиканың өзге өңірлеріндегі әріптестерінің жалақысы түскенін алға тартқан комисся мүшелері белгілі заңгер Айгүл Орынбектен көмек сұраған, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы "Azattyq Rýhy"-на сілтеме жасап.
«Шымкент қаласындағы сайлау учаскелерінің жұмысын үйлестіріп келе жатқаныма 15 жылдай болды. Алдыңғы сайлауларда учаске мүшелерінің еңбекақысы уақытылы төленетін. Биылғы референдумның ақшасын Шымкент қаласы бойынша бірде бір адам алмады. Бізге көршілес Түркістан облысы алып қойған, Ордабасыда, Сайрамда, Алматы қаласында туыстардан да сұрап көрдік, оларға да уақытылы төленген. Біздің Шымкент қана елден ерекшеленіп жүр», - дейді комиссия мүшелерінің бірі.
Аталған мәселеге қатысты редакция тілшісі Шымкент қалалық референдум комиссиясына хабарласты. Төраға Қайырбек Кұнанбаевтың мәліметінше, референдум мүшелері осы айдың аяғына дейін еңбекақыларын алады.
«Шымкент каласында 317 сайлау комиссиясында 2705 мүше еңбек етті. Барлық 2705 адамның жалақысы бірыңғай Шымкент калалык сайлау комиссиясы аркылы төленеді. Қазіргі танда бүкіл 317 комиссияның табельдері жинақталып, оларға жалақы төлеу бойынша жұмыстар атқарылуда. Алайда көптеген комиссия мүшелерінің жалақы шоттары емес, әлеуметтік шоттарын, бұғатталған шоттарын беруі, сол сияқты комиссия мүшелерінің 30%-ының ауысуына байланысты жалақыны аудару уақыт алып отыр. Референдумда жұмыс аткарған мүшелерге жалақы республикалық бюджеттен төленеді және ол толығымен жеткілікті. Комиссия мүшелерінің жалақылары заңға сәйкес, 2022 жылдың 30 маусымына дейін төленетін болады», - деді Қайырбек Құнанбаев.